«Министр Цой отставкаға кетсін!»
Өткен аптада вирустың күшеюіне байланысты үкімет мүшелерімен және аймақ әкімдерімен жиын өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің жұмысын біраз сынға алды. Елдегі вакцинация науқанына, вируспен күрес сценарийіне көңілі толмаған президент денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға: «Сәуір айында жағдайды өзгертуге тиіссіз. Әйтпесе көңіліңізді қалдыратын кадрлық шешім қабылданады. Мұны тек денсаулық сақтау министріне ғана емес, тұтас үкіметке айтып отырмын. Алексей Владимирович, мен сізге бұрын да ескерткенмін, қазір денсаулық сақтау министрі үкіметтегі негізгі тұлға, сіздің өкілетіңіз ерекше. Сіз жұмысты жақсы бастадыңыз, бірақ кейіннен екпінді баяулаттыңыз», – деп түйреп өтті.
Еске салсақ, былтыр індет ушыққан кезде де президент Тоқаев үкімет мүшелерінің жұмысын сынап, кей шенеунікке сөгіс те берген болатын. Артынша сол кездегі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қызметінен кетіп, соңынан экс-министр жемқорлық күдігіне ілініп, тергеуге алынды. Сол кезде кей сарапшылар «жекелеген кадрлық өзгерістер мәселені шешпейді, оған жүйелі түрде қараған жөн» деген-ді. Бірақ қазір сарапшылардың біразы «Цой отставкаға кетсін, халық қашанға дейін өз жарасын өзі емдейді?» деген сыни пікірлерді жиі айта бастады.
Цойдың сценарийі сенделтіп тұр
Президентпен бас қосқан бұл жолғы жиында денсаулық сақтау министрі Цой тағы да үш сценарий бойынша болжамын айтты. Бірінші – «пессимистік сценарий» бойынша сәуір-маусымда елде 370 мың адамға вирус жұғып, 190 мың адам ауруханаға жатуы мүмкін. Екінші – «реалистік сценарий» бойынша сәуір-маусымда Қазақстанда 250 мың адамнан вирус табылып, 127 мың адам ауруханаға түсуі мүмкін. Үшінші – «оптимистік сценарийге» сәйкес, сәуір мен маусым арасында 140 мың адам дертке шалдығып, 71 мың адам ауруханаға жатуы ықтимал. Сөйтіп, індеттің өршуін үш сценарий барысымен болжаған Цойдың сөздері бүгінде халықтың ойын сенделтіп тұр.
Қаражатты жұмсауға бақылау қажет
Осы ретте «Жас Алашқа» пікір білдірген қаржыгер Арман Мусин:
– Бұл арада бізге маңыздысы сценарий де, болжам да емес. Ең маңыздысы індетке бөлінген қаражатты орынды жұмсау болатын. Мысалы, былтыр наурыз айында төтенше жағдай жарияланды. Үкімет іле-шала індетпен күресуге 6 трлн теңге бөлді. Бұл қаражат медицинаны мықтап алуға жеткілікті еді. Бірақ біздің медицина ешқандай қарусыз соғысқа енген сарбаз сияқты күй кешті: не дәрі жоқ, не дәрігер жетіспеді, не маска жоқ. Масканы халық өзі тігіп киді. Дәрі жоқ болған соң, халық өзін-өзі емдеуге кірісті. Үйде емделген қаншама адам қыршын кетті. Ауруханаға барғандары да табытпен шығып жатты. Әу баста коронавирусты симптомды және симптомсыз деп бөлгенде үкімет көрсеткішті жасырғысы келді. Бірақ бұл халықаралық талапқа сәйкес келмейтін дүние. Әлемдік пандемия болғаннан кейін бұған халықаралық ұйымдар да назар аударып отыр. Қаншама елден гуманитарлық көмек келді, қаншама қаржы бөлінді, мұның толық есебі болуы керек еді. Ел сенген министрлер осылай сценарий санамалап жүрсе, бұл індеттің салдары өте қиын болады. Сондықтан ең маңыздысы бөлінген қаражаттың орынды жұмсалуына қатаң бақылау қажет, – дейді.
Рас, маман айтса айтқандай, былтыр мамыр айында коронавирусқа қарсы күреске 6 трлн теңге қаражат бөлінді. Бұл – шамамен 13 миллиард доллар немесе ЖІӨ-нің 8 пайызы. Бірақ «мұнша мол қаржы нақты қайда жұмсалды, нәтижесі қандай» деген ақпараттар аса ашылып айтыла қойған жоқ. Ең қызығы, осынша триллиондардың өзі вирустың бетін қайтаруға жетпей қалып, артынша бюджеттен тағы да миллиардтар бөлуге тура келді. Ал бұдан оңалған медицина қайсы?!
Сенген Цойым сен болсаң…
Экономист-сарапшы, «Аналитик» талдау орталығының маманы Наталья Гуреваның айтуынша, «жағдайды қалыпқа келтіреді» деген Алексей Цойдың вирусқа қатысты енгізген екі жаңалығы ел есінде мәңгі қалады. Біріншісі – Цой келе сала «карантин» сөзін «локдаун» деп жұмсартып, вирусқа қатысты мәліметтерді барынша жұмсақтап бере бастады. Бұдан соң, екіншісі – үкіметке есеп беріп тұрып елдегі ПТР тестілеу мәселесі естілеу шешіліп жатқанын айтқысы келген Цой алдағы уақытта ветеринар мамандарды да ПТР тестіні анықтайтын зертхана ісіне араластыруды жөн көретінін айтты. Ал қазір Цойдың және тағы басқа шенділердің басы «елдегі вакцинациялау науқанын қалай ойдағыдай өткіземіз» деген оймен ғана сансырап жүргені хақ.
– Ақиқатын айту керек, қазіргі жағдайда жұрттың бірі министрдің аузын бақса, енді бірі «бұл – саясат» деп қолын сілтейді. Ал медицинаға сенбеген қайсыбірі өзін-өзі емдеп кетті. Елдің бұрын да бұл салаға сенгенінен сенбегені көп еді. Қазіргі жағдай халықтың күдігін тіпті қоюлатып жіберді. Цойдың отставкаға кетуін талап ететіндер бар. Қолынан келмейді екен, министр Цой отставкаға кетсін! Орнына қолынан іс келетін адам келсін. Өйткені ол «елдің сенімін 100 пайыз ақтады» деп айту қиын. Сенген министр сенімді ақтамады. Медицина саласында шикіліктер өте көп, – дейді Наталья Гурева.
Вирустан минусқа кеткенді оңалта аламыз ба?
Жалпы, сала мамандарының пайымынша, вирус бұған дейін де шатқаяқтап тұрған медицина саласының бетпердесін әбден сыпырып тастады.Егер медицинамыз төрт аяғын тең басып тұрғанда біз бұл вирустың қақпанынан осы уақытқа дейін босар ма едік?! Медицинадағы олқылықтардың салдарынан елде вирус өршіп, қайта-қайта карантин жарияланып, қазір біраз сала минусқа кетті. Әсіресе экономиканың алған нокдаунын қалыпқа келтіру енді бізге қиындау болмақ. Мамандардың айтуынша,енді Цойдың сценарийлері орын алса, халықты карантинге қамаудың өзі қауіпті.
– Мәселен, былтыр көктемде екі ай карантинде отырғанда халық қатты қиналды. «Ашпыз, тамаққа қаражатымыз жоқ» деп көмек сұрағандардың қарасы көбейді. Ал қазір қымбатшылық қатты дендеп тұр. Дәрі-дәрмек, азық-түлік, халыққа қажетті өнімдердің барлығы екі есеге қымбаттап кетті. Шағын және орта бизнес өкілдерінің біразы жұмысшыларының санын қысқартып жатыр. Кіріс жоқ, қайта-қайта карантин жарияланып жатқандықтан, базар жағалағандардың да табысы азайды. Енді келер жаз айларында елді қайтадан карантинге жабу, табысынан айыру әлеуметтік наразылықты қоздырып жіберуі мүмкін, – дейді сарапшы Наталья Гурева.
Қалай десек те, қазір жағдай өте қиын болып тұр. Біздің медицина мұндай індетпен бұрын-соңды бетпе-бет келіп көрген жоқ. Дәрігерлердің тәжірибесі аз, дайындықтары жоғары емес. «Мұндай ауыр індеттен елді үкімет алып шығады» деп қазір 100 пайыз кепілдік беріп, ешкім айта алмайды. Мамандардың дені «Амал жоқ, халық өзін-өзі сақтауға, сақтық шараларын орындауға мән беруі керек. Ал үкіметке елдің қиындығын жеңілдетуге күш салған жөн. Індетке бөлінген қаражат «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпеуі қажет. Сценарий санамалап, статистиканы жіктеу іскерлік емес, сондықтан бұл салада бел шешіп, білек сыбанып, іске кірісетін сауатты мамандар болуы тиіс. Қолынан іс келмейтіндер қажет болса, орынтақтарын босатып беріп, басқа саланы жандандырсын. Себебі қазір елдің тағдыры, ұлттың саулығы маңызды» деп отыр.
