Миландағы EXPO көрмесінде Қазақстанның Ұлттық күні тойланды
Миланда өтіп жатқан Бүкіләлемдік EXPO Milano көрмесінде Қазақстанның ұлттық күні өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Көрменің аумағы бір миллион шаршы шақырымнан артық. 147 ел қатысуда. Ал, аумағы 3 мың шаршы метр Қазақстан көрмесін бір күнде 5 мыңға жуық турист тамашалайды. Тек бір айда 130 мың адам келген.
Павильон шаруашылықтағы басты дақыл жүгері мен бидайдың масағын еске салады. EXPO қонақтары көп таңдайтын бес үйдің бірі – шағын қазақстандық ауыл.
Қалыптасқан дәстүрге сүйенсек, әр мемлекет өзіне ұйымдастырған Ұлттық күнде келген қонаққа елінің тарихы, әдет-ғұрпын, мәдениетін таныстырады. Бүгін дәл осы Ұлттық күн Қазақстанның атынан ұйымдастырылды. Қазақтың көк байрағы көтерілді.
Шараға Мемлекет басшысы қатысып, шараға қатысушы елдерді Астанаға шақырды.
Ресми ашылу салтанатынан кейін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» басқарма төрағасы Әділбек Жақсыбеков пен Бүкіләлемдік «Expo Milano 2015» көрмесіндегі ҚР секциясының Бас комиссары Әнуарбек Мусин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Италия Премьер-Министрі Маттео Ренциге Ұлттық павильонды таныстырды. Ел басшылары көрмеге қойылған экспозициялармен танысып, Құрметті қонақтар кітабында жазбалар қалдырды.
Expo Milano 2015 көрмесіндегі Қазақстанның Ұлттық күні қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысқан мерекелік концертпен аяқталды.
Қазақстан көрме қожасы Италиямен іскерлік байланыстарды да жандандырмақ. Екі елдің кәсіпкерлері Италия павильонында бас қосты. Icкер топ өкілдері бірлескен бизнес форумға қатысты.
Біздің тарап Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын, соның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға ден қойып отырғаны, бидай, ет экспортын арттыруға ерекше мүдделі екені айтты.
Нәтижесінде, арада құны 500 миллион долларды құрайтын түрлі саладағы жиырма келісімге қол қойылды.
