Мейірімділік – адамзаттың асыл қасиеті
Мейірімділік – адам баласының ең асыл, ең қадірлі қасиеттерінің бірі. Ол – адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, қоғамда жылулық пен ізгілік орнататын құндылық. Мейірімділік – жанашырлық пен қамқорлықтың, өзара түсіністік пен сүйіспеншіліктің белгісі.
Мейірімділік тек жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамға оң әсер етеді. Қайырымды, жаны жомарт адам өзгелерге көмектесіп, олардың өміріне жылулық сыйлайды. Осындай қасиеттер қоғамдағы үйлесімділікті арттырып, адамдардың бір-біріне деген сенімін нығайтады. Мейірімділік арқылы адамдар бір-бірін қолдап, қиын кезеңдерде демеу көрсетеді.
Мейірімділік қазіргі жастарымызда жетіспейді. Оны қалыптастыру мақсатында Компьютерлік ғылымдар кафедрасында мейірімділікке қатысты әртүрлі ашық кураторлық сабақтар жүргізілді. Мысалы, кафедрамыздың аға оқытушысы Б.А.Максутова Компьютерлік инженерия мамандығының 1 курс студенттеріне “Мейірімділік – әлемді құтқарады!”, аға оқытушы С.А. Байтенова «Нәтижелерге қарамастан ерекше тұлға болып қаласыз», Б.Мәткерім ағылшын тобының студенттеріне «Мырза болмасаң да, мейірімді бол» тақырыбында кураторлық сабақтар өткізді.
Мейірімділік туралы кураторлық сабақтың негізгі мақсаты – студенттер мен жастарды адамгершілікке, жанашырлыққа және ізгілікке тәрбиелеу. Осындай кураторлық сабақтарда студенттерге ізгілік, достық, қайырымдылық секілді адами құндылықтарды дәріптеу басты міндет болды. Сабақ барысында өмірлік мысалдар мен ойындар арқылы мейірімділік қасиеттері дамытылды. Нәтижесінде білім алушылар мейірімділіктің тек сөзбен емес, іс-әрекетпен көрінетінін ұғынып, оны күнделікті өмірде қолдануға талпынды. Әрбір ізгі іс – үлкен өзгерістердің бастауы, мейірімді болу – әркімнің өз қолында екенін екенін түсінді. Оны дамыту үшін жақсылық жасауды әдетке айналдыру – тіпті ең қарапайым игі іс адамның рухани дамуына әсер ететіндігі; адамдарға түсіністікпен қарау – әрбір адамның жағдайын түсініп, оған жанашырлықпен қарау маңызды екендігі; сабырлы және кешірімді болу – бұл қасиеттер мейірімділіктің негізін қалайтындығы; қоғамдық шараларға қатысу – қайырымдылық акцияларына, еріктілік қызметтеріне қатысу арқылы мейірімділік танытуға болатындығы дәріптелді.
Мейірімділік – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Ол қоғамның дамуына, адамдар арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына ықпал етеді. Әрбір адам мейірімді болуға талпынса, әлем әлдеқайда жарық әрі жылы болары сөзсіз. Сондықтан мейірімділік жасап, айналамызға жақсы көңіл-күй сыйлайық!
Авторалар: Байтенова С.А., Максутова Б.А., Кабдрахова С.С., Закарьянова Н.Б., Мәткерім Б. 