Менің жетістіктерімнің тарихы
Менің жетістіктерімнің тарихы
Мен мұғалімдік мамандықты жүрегіммен қаладым...
Бала деген мөлдір әлем. Тұп-тұнық. Саф таза. Күлсе, шын ниетімен күледі. Жыласа, барын салып бақырады. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары осындай.
Мұғалімдікті таңдаған өз жүрегімнің батырлығына қайран қалам. Кішкентай кезімде «мұғалім бол, балам!» - деген алғыс алғам. Осы бір жалғыз ауыз сөзде қаншама терең мағына жатыр десеңші?! Өйткені мұғалім-жәй ғана ұстаз емес. Үлгі өнеге. Жаңа ұрпақтың, бүкіл халықтың болашағын айқындаушысы.
Халқымыздың мәдени мұрасын шашау шығармай жадымызда ұстап, сақ, көк түріктер дәуірінен келе жатқан өмірлік қағидаттарды, ұлы ойшылдар Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, атақты билеріміз Төле, Қазыбек, Әйтеке бабаларымыздан мирас болған даналықты берік сақтау менің еңбек жолымда жеттістікке жетуімнің құпиясы. Ұлы Абай әйгілі «Адамның адамшылығы-ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады»,-деп жол көрсетеді.
Ұстаздық-өмірімнің мәні, күш-жігерімнің, қабілетімнің бастауы. Еңбек жолымдағы әрбір игілікті қадамым, шығармашылық ізденістерім, шәкірттеріммен бірлесе атқарған жемісті істерім мені алдағы уақытта мақсатты істерге жетелейді. Бүгінгі ұстаз-инновациялық технологияларды пайдаланушы, әрі ізденуші, әрі өндіруші, әрі ғалым-зерттеуші. Мен өзімді осындай ұстаздар қатарындамын деп санаймын, өйткені мен-болашақтың бағбанымын! Нарық заманында өмір сүріп, жаңа технологияларды өмірмен ұштастыра отырып, білім негізі – бастауышта деген басты қағиданы бір сәт те естен шығарған емеспін.
Бес саусақтың бірдей болмайтыны тәрізді алдыңда көздері жәудіреп отырған бүлдіршіндер де әр түрлі. Баланың уайымын, қайғысын, көзінің жасы мен көңілінің кірбіңін, жақсы қасиеті мен жақсы ғадетін байқайтын, білетін мұғалім – нағыз мұғалім! Талапты заманауи баланы талпындыратын да, қабілетті баланы қанаттандыратын да талантты мұғалімдер. Осындай ұстаздар ғана жаңартылған білім мазмұны негізінде жұмыс істей алады. Баланың ойын дөп басып, санасына саңылау енгізіп, өзі ізденуіне мүмкіндік туғызып, оларды тиянақтылық пен жауапкершілікке баулыса, нағыз өзіндік мені бар шығармашылық тұлға қалыптасады емес пе?
Еңбек еткен 20 жылдық ұстаздық жолымда 5 рет бастауыш сынып түлектерін шығарып, 10 оқушым «Алтын белгі» иегерлері, 5 оқушым «Үздік аттестат» иегерлері атанды. Білім берген шәкірттерім бүгінде бір отбасының ұйытқысы, еліміздің белді азамат, азаматшалары болып отыр.
Адамзаттың ізденісі мен өркендеуі жолында Абайдан артық айтқан кім бар:
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап». Бұл-менің өмірлік ұстанымым, жетістікке жетуімнің кілті.
2012 жылы облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткен бастауыш сынып мұғалімдері арасында олимпиадаға қатысып, бас жүлдені, 2017 жылы облыстық сырттай «Үздік педагог» байқауынан ІІІ орын алып, Білім және ғылым министрі Е.К.Сағадиевтің Алғыс хатымен марапатталсам, 2019 жылы Батыс Қазақстан облысы әкімі орынбасарының Алғыс хатын және білім саласына қосқан үлесі үшін Батыс Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаментінің Алғыс хатына, биылғы оқу жылында мен үшін ең үлкен сый «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болдым.
Бүгінде мен Ұстаз болу туа бітетін қасиет екендігіне күмәнданбаймын. Ұстаз болу – менің өмірім, менің пәлсапам. Қоғамға нашар дәрігер қаншалықты қатерлі болса, нашар Ұстаз болу соншалықты қауіпті. Себебі, Ұстаз жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп қана қоймайды, ол өмірге үйретеді, өмірде өз орнын табуға, жеке тұлға болып қалыптасуға, өз «Менін» таныта білуге жетелейді.
Өз ойымды Шәкәрімнің:
«Адамдық борыш ар үшін,
Барша адамзат қамы үшін,
Серт бергем еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін»,-деген туған халқы алдында азаматтық үнін танытқан өлең жолдарымен түйіндемекпін. Ұстаздық-алдағы атар таң үшін, болашақ үшін қызмет деп білемін.
#menińzhetistikterim
