Менің ең басты байлығым - отбасым.
Адам өмірінде өзгеше орын алатын, ерекше есте қалатын оқиғалар болады. Анамның айтуынша, мен де бала кезімде өзіммен-өзім отырып алып, қуыршақтарыммен ойнайды екем. Оларды әуелі "ауыртып", содан соң "емдейді" екем. "Дәрі" ретінде су, кәмпит, печенье, т.б. нәрселер "пайдаланылатын" көрінемін.
Өсе келе дәрігер болсам деген арман көкейіме мықтап ұялады. Бүгінде осы арманның жетегінде жүріп, "адам жанының арашасы" атанғаныма да тоғыз жыл өтіпті. Қуанған сәттерім де, мұңайған кездерім де болды. Өмір тек жақсылықтардан ғана тұрмайтынына да көзім жетті.
Менің ең басты байлығым - отбасым. Арқа сүйейтін жарым мен еркелеп жүретін балаларымның арасында мен өзімді шексіз бақытты сезінемін, осы күннің маған бұйырғанына шүкіршілік етемін.
Кейде қол босағанда (мұндай сәттер көп бола бермейді менде) әдебиетті қарап шығамын. Әдебиет деген шексіз әлем ғой. Тереңіне енген сайын, сол шексіз әлемнің тылсымын ұғына түсемін.
Міне, бүгін де жұмысыма барып, түрлі тағдырлардың еріксіз куәсі болдым. Біреу жанына батқан ауруына шипа іздеп келеді. Біреу тексерістен өтіп жүр. Енді біреулеріне облысқа жолдама керек. Көп қой...
Басты байлық-денсаулық.Деніміз сау болсын, ағайын!
