Менің атам -майдангер!
Менің атам -майдангер!
Біз - бақытты жандармыз. Бейбіт заманда, тыныш күнде өмір сүріп жатырмыз. Әркімге де осы бейбіт күннің құны қаншалықты қымбат екендігі белгілі. Осы үшін де майдангерлерге шексіз алғыс айтамыз.
Ұлы Жеңіс өздігінен келген жоқ. Еліміздің тәуелсіздігі мен тыныштығы бабаларымыздың арқасында орнады. Біз тек қана соғыстың жамандық пен қорқыныш алып келгендігін білеміз. Менің ойымша, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманның қадірін соғыстың алапат жалынын көрмеген адамға түсіну қиын. Ата-бабаларымыздың ерлігінің арқасында қазіргі ұрпақ бақытты күн кешуде. Ата, әжелеріміз нағыз батыр болғандығына тағы да көзім жетіп отыр. Олардың осындай іс-әрекеті ата-бабаларымыздың Отанға деген сүйінпеншілігінің, махаббатының өлімнен де күшті екендігін көрсетеді.
Ата-анамның айтуынша, менің де атам соғыс майдангері болыпты. Қазығұрт ауданының тумасы Дайрабаев Боранбай 1941 жылдың қараша айында бір ұл, бір қызды апама аманаттап, қатардағы жауынгер ретінде майданға аттанған екен. Қысқа мерзімді даярлықтан кейін атқыштар полкінің құрамында соғысқа кірісіпті. Атам Украина жерін азат ету барысында қиян-кескі шайқастардың бірінде жарақат алады. Жарақаты толық жазылып болмай жатып, емханадан тура майданның алғы шебіне қайта сұраныпты. Кезекті Украинаның батыс шекарасындағы шабуылдан кейін атамнан хабар-ошар болмады. Атам елі үшін, болашақ үшін болған сұрапыл күресте қасық қаны қалғанша шайқасып, абыроймен майдан даласында көз жұмған екен. Бабаларымыздың осындай болуы әрбір қазақ үшін мақтаныш деп ойлаймын. Осы жандардың өмірлік жолы бүгінгі жастар үшін таптыртпайтын үлгі-өнеге болары сөзсіз. Себебі қазіргі шақта өзінің емес өзгенің бақытын ойлайтын, қолында бардың өзінде ғана емес, басқада да болғанын қалайтын жандар көп емес.
Бейбіт өмір мен байтақ, кең дала біз үшін қатыгез соғыстың майдангерлері туралы естелік болып қала бермек. Қазіргі және келер ұрпақтың мәңгілікке майдангерлерге құрметпен қарары анық. Әрбір адам осындай ерліктің, батылдықтың оңай шаруа емес екендігін түсінеді. Сондықтан да ата-бабаларымыздың ерлігі елдің жадында, тарихта өмір бақи сақталып қалмақ.
