Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Мен толықтай толерантты қоғамда өмір сүргім келмейді

Балалар ойын алаңында улап шулап ойнап жүр. Сіз көршілеріңізбен әңгіме-дүкен құрып, таза ауада демалып отырсыз. Біраз уақыттан кейін, бір топ ересек адамдар келіп сіздің балаңыздың жанында қарасора (марихуана) шегіп отырса не істер едіңіз? Полиция қызметкерлірін шақырасыз ба? Әлде, оларға ескерту жасап, ойын алаңынан аулақ жүрсін деп ұрсасыз ба?

Толерантты қоғамда, сіз бұл жағдайда ештеңе жасай алмайсыз. Себебі, есірткі шегу бұл олырдың құқығы болып табылады. Оған қоса, медициналық қарасораның денсаулыққа зияны жоқ, әрі кейбір дамыған мемлекеттерде оны қоғамдық орындарда пайдалану заңды болып есептеледі. Есірткі шегу осы жастардың таңдауы, сондықтан оны жасырудың еш себебі жоқ.

Толеранттылық (лат. tolerantia — төзімділік, көнбістік) — басқа ойға, көзқарасқа, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сезім-күйге, идеяларға төзімділік, жұмсақтық көрсете білу қасиеті.

Әлемде жаһандану әсері күшейген сайын, жастар арасында "толерантты бол" сөз тіркесі кеңінен қолданыла бастады. Кейбіреулері оны тренд болғандықтан қолданса, басқалары оның негізгі құндылықтарына тамсанып толерантты болуға шешім қабылдайды. Толерантты болудың өз артылықшылықтары бар. Бұл азшылық топтардың кемсітуін, әйел адамның қоғамдағы орнын, діні, тілі, ділі бойынша әділетсіздік мәселелерін көтереді. Мысалы, бұл қоғамның адам ет жеуден бас тартса, басқа дін ұстанса немесе қоғамда мүгедек адамдармен өзін қалай ұстағаны жөн туралы үйретеді. Осылайша, бұл адамдардың өз ойын емін-еркін білдіруге және қоғамдық мәселелерді шешуде белсенділігін арттыруға көмектеседі.

Алайда, толеранттылықтың кері әсері де бар. Адам баласына бармақтай ғана бостандық берсең, ол шектен шыға бастайтын әдеті бар. Мәселен, дамыған "толерантты" мемлекеттерде, адамдар қоғамдық жерлерде есірткі шегеді, қару-жарақты емін-еркін өзімен алып жүреді немесе балалардың көзінше ер адамдар бірін-бірі аймалап тұра береді. Мүмкін бұл адамдардың оған құқығы бар шығар, бірақ мен осындай қоғамда өмір сүргім келмейді. Әр нәрсенің өз шегі болуы тиіс. Егер адамдар оған көз жұмып, жұмсақтық танытса, келешек ұрпақ үшін бұл қалыпты мінез-құлық болып қалыптасады. Бірақ бұл тек адамдардың бір-біріне күмәнмен қарап, жақындарынан мін іздеуге мәжбүрлейді. Сондықтан, толықтай демократиялық мемлекет болуға тырысқаннан гөрі, алдымен оның түпкі астары неге алып келетініне көз жеткізу керек.

Менің ойымша, әлемдегі бар өзгерістер мен қозғалыстар жайында мәлім болу керек, бірақ оның барлығын ұстану міндет емес. Әрине, салт-дәстүр, адамдардың ойлау қабілеті мен құндылықтары үнемі өзгеріп отырады, бірақ дәстүр ғасырлар бойы адамдардың жинаған қазынасы. "Қазақта мындай сөз бар ..." дегені сені жаман болсын деп айтылмаған. Керісінше, қазақтың нақыл сөздері қаншама ұрпақты тәрбиелеп келген. Ойланып көрсең, қазақта бірін-бірі кемсіту, адамдарды құл етіп сату немесе өзін өзге ұлттан биік ұстау деген болмаған. Әйел адамдардың кейде таңдауы болмаса да, оларды әрқашан құрметтеген. Қыз баланың тәрбиесіне үлкен мән берген.

Толеранттылық термині тарихы жоғалған, тегін ұмытып кеткен елдерден шыққан. 18-19 ғасырларда Еуропа елдерінен адамдар жаппай көше бастағанда Америка, Австралия, Азия және Африка мемлекеттерін отарлағанда, жергілікті халықтық құқығын бұзып, қызын күң, ұлын құл қылып, "толеранттылық " танытпаған еді. Осылайша, не өзінің тарихын білмей, не өзге халықтың тарихын құрметтемей "толеранттылық" идеясына белсенді жарнама жасауда.

Жалпы, мен адам құқығын қорғау, азшылық топтарға қолдау көрсету немесе биологиялық факторлары бойынша кемсітуді алдын алу жолдарын талқылауды толығымен қолдаймын. Заманға сай болуды да жөн көремін, бірақ ғаламтордағы барша ақпарат пен қозғалыстың сіз үшін қаншалықты қажетті екендігіне міндетті түрде көз жеткізген дұрыс деп санаймын. Кейде, жаңа ойларды тыңдауда сыйластық танытуға тырыссақ та, балаларымның есірткі шегу немесе қару-жарақпен емін еркін жүруді қалыпты жағдай деп қарастырғаның қаламаймын!

Көштін артынан ереміз деп, қасықтап жинаған қазынамызды шелектеп төгіп алмайық, ағайын!!!

0
2
1716

Осы тақырып бойынша

Мен толықтай толерантты қоғамда өмір сүргім келмейді - Yvision.kz