Мен саған есірткі жайлы айтып беремін...
«Еліміздің болашағы жастардың қолында»
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
Елбасының бұл сөзі жастарға артылған сенімнің, жауапкершіліктің қаншалықты ауыр екендігін ұғынудың ең айқын мысалы бола алатындығы сөзсіз. Ендеше біздер өзімізге артылған осынау үлкен жауапкершілікті сезініп, ел сенімін абыроймен ақтауымыз қажет. Ал ол үшін ең алдымен салауатты өмір салтын ұстанып жаман әдеттерден аулақ болғанымыз жөн. Осы орайда мен жастардың арасында ең қауіпті дертке айналған есірткі және есірткіге тәуелділік жайлы айтқым келіп отыр.
Есірткі дегеніміз адамның орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, рухани және физикалық тепе – теңдікті бұзатын, рухани және физикалық тәуелдікке жол ашатын, жеке адамды психологиялық жағынан және экономикалық-әлеуметтік жағынан қиындыққа әкеліп соғатын заттар.
Есірткінің тарихына үңілер болсақ, бұл зат біздің заманымызға дейінгі 2700 жылдары Қытайда пайдаланылды деген дерек бар. Сонымен қатар, тарихшы Геродоттың еңбектерінен де есірткі жайлы деректерді кездестіруге болады. Ең алғаш рет есірткінің зиянын шығыс ғұламасы Ибн Сина жазып көрсеткен. Көкнәрдің таралуы XIX ғасырда кеңінен етек алды. Ол үшін Англия мен Қытай арасында соғыс та болды. XX ғасырдың ортасында дамыған батыс елдерінде нашақорлық пен есірткі айналымы қауіпті жағдайға жетті. Бұл жағынан АҚШ бірінші орынға ие болды. Есірткіге қарсы күрес XX ғасырдың басында халықаралық сипат алып, арнайы құжаттармен бекітілді. 1946 жылдан бақылау Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырына көшті.
Әдетте жастар арасында есірткіге қызығушылық білместіктен басталады. Есірткінің ерекшелігі адам бір рет дәмін татқаннан кейін тәуелді болып қалады. Міне адамдардың нашақор болуының басты себебі де осы. Есірткі қабылдаған адамның ұйқысы қашып, беймаза күйге түседі. Нағыз мазасыздық күйі соңғы дозаны қабылдағаннан кейін 4-24 сағаттан соң басталады және нашақордың тәуелділігі артып, одан да көп дозаны қабылдағысы келіп тұрады. Есірткі қабылдаған адамдар көбіне инфаркт және инсульттан көз жұмады.
Сондықтан да жастарды келешек өміріне тигізер зияны орасан зор осы бір заттан түбегейлі бас тартуға шақырамын. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы демекші, салауатты өмір салтын ұстанып, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағын бірге қалыптастырайық!
#есірткігеқарсы
#противнаркотиков
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті,
Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектептің
8сынып оқушысы Рзаева Нұрайым Бекболатқызы