Мен мектеп бітіретініме сенбеймін.
Мен өзімнің мектеп бітіруші екенімді сезбеймін. Келесі оқу жылы қайтадан сабаққа келемін. Мектепке елден бұрын ең бірінші келіп аламын. Қайтадан сабақ үстінде Алтынаймен әңгіме айтып, мұғалімнен ескерту аламын. Үзіліс сайын дәлізге шығамын, қайтадан кіші сыныптың балалары "Гохааа, мне без тебя так плохо" деген сөздерді айтып, бетіме күлімсіреп қарайды. Айнұр шашымды өріп береді. Үшінші сабақтан соң асханаға барып, жаңа піскен бәліш алып жеймін. Қайтадан Мерей екеуіміз ұрсысып қалып, екі күн өтпей жатып татуласып аламыз. Жанар Минашовна "Гаухара, ты так изменилась, раньше была тихой девочкой" деп айтады. Сабақтан қайтар жолда Абай-Пронина көшелерінің қиылысында өзімізше "қыздар" болып әңгіме айтамыз. Исма екеуіміз химиядан қашып, өзіміздің "құпия" орнымызда тығылып отырамыз. Қайтадан неше түрлі университеттер келіп, барлығымызды акт залға жинайды. Қосымша сабақтарға келмегеніміз үшін ұрыс естиміз. Дамир мен Мерей сабақтан қашып кетеді. Қайтадан мектепке би кешіне келеміз. Таңертеңнен кешке дейінгі уақытымызды мектепте өткіземіз. Сабаққа үй жұмысын орындамай барамын да, қоңырауға екі минут қалғанда Жақсыбековадан көшіріп аламын. Қайтадан күн сайын таңертең мектебімнің табалдырығынан аттап кіріп, сабақ біткен соң бірақ шығамын. Қайтадан сылдырлаған қоңырау даусын естимін.
Алайда енді ешқандай да "қайтадан" болмайды. Себебі біз жаңа беттен жаңа өмір бастаймыз. Жаңа оқу жылында жаңа достар табамыз. Түлектер, барлығыңа тек сәттілік тілеймін. Біз алдағы сынақтардың барлығынан өтіп, қалаған жоғарғы оқу орнымызға түсеміз. Біз мықтымыз, біздің қолымыздан барлығы келеді. Мен сендерге сенемін. Барлығыңды да жақсы көремін.
