Мемлекеттік қызметтің сапалы көрсетілуі — жастардың жіті бақылауында

Петропавлда «Ақпаратты бол, сауатыңды арттыр!» жыл сайынғы акциясы бастау алды.
Дәстүрге айналған науқан барысында ақпараттық үнпарақтарды қолдарына алған Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары жастар қоғамдық ұйымдарымен бірлесіп, мемлекеттік қызметтерді көрсетушілер мен тұтынушылар көп шоғырланған жерлерді аралады. Олардың ішінде: № 1, 2 ХҚКО, Мамандандырылған ХҚКО, сонымен қатар СҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің ақпаратты қабылдау және өңдеу орталығы.
Белсенді жастардың көздегені – мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі азаматтардың құқықтарын түсіндіру, сонымен қатар оларды жемқорлық қол сұғушылықтардан қорғану шараларымен хабардар ету.

«Жемқорлыққа жол жоқ», «Біз сапалы мемлекеттік қызмет үшін» жазулары басылған жейделерді киген шараға қатысушылар, мемлекеттік мекемелердегі көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге тұтынушылардың қанағат деңгейін, сонымен қатар өңіріміздегі жемқорлық деңгейін анықтау үшін арнайы сауалнама жүргізді.
Еріктілермен таратылған ақпараттық үнпарақтардың арасында мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі тұтынушылардың құқығын, қызмет көрсетушілердің Стандартқа сай міндеттерін түсіндіретін «Менің мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі құқықтарым», сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың әдіс-тәсілдері, жемқорлықтың негізгі түсініктері, сондай-ақ парақорлық үшін тағылатын айыптар туралы ақпараты бар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта дайындалған кітапшаларды кездестіруге болды.

Ал «The Last Hope» үкіметтік емес ұйымымен қызмет тұтынушылардың білім беру саласындағы құқықтары жөнінде парақшалар әзірленді.
Барлық үнпарақтарға Департаменттің байланыс нөмірлері, электронды мекенжайы, интернет ресурсы туралы мәліметтер енгізілген.
Акция барысында 500-ден астам ақпараттық үнпарақ таратылды.
