Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі

Ағымдағы жылғы 15-16 наурызда Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Сұлтанұлы Тұрсынбаевтың төрағалығымен «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» тақырыбында семинар өтті.

Іс-шараға жергілікті атқарушы және аумақтық мемлекеттік органдарының персоналды басқару қызметінің мамандары, БАҚ өкілдері шақырылды.

Кездесуді ашқан Ғ.С. Тұрсынбаев, жиылған қауымды кәсіби мемлекеттік аппаратты құру, мемлекеттік басқару жүйесіндегі әлеуметтік әріптестікті дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелерін қарастыруға арналған  күн тәртібімен таныстырды.

- Мемлекеттік қызмет туралы заңның басты мақсаты - конкурстық іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету және қызметкерлерді біліктілігіне сай мансаптық жоғарылату қағидасын іс жүзінде жүзеге асыру болып табылады. Біз қоғаммен артылған жоғары сенімді ақтау үшін мемлекеттік қызмет жүйесінде қолдампаздық, непотизм сынды жағдайларының орын алуына жол бермеуіміз тиіс, деп мәлімдеді Ғалым Сұлтанұлы.

Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Е.Ф. Степаненко «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының негізгі жаңашылдықтарымен таныстырды.

Елена Федоровнаның айтуынша, біліктілікке негізделген жаңа Заң қазақстандық мемлекеттік қызметтің басты принципі ретінде «мансаптылықты» нығайтады. Ал мемлекеттік қызметке өту және одан әрі өсу білім мен біліктіліктің деңгейіне байланысты болады.

Бұдан әрі сөз кезегі сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Р.С. Байжановқа берілді. Ол өз кезегінде, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының негізгі ережелеріне шолу жасап, өңіріміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ халыққа мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және анықтау мәселелеріне тереңірек тоқталды.

Семинар барысында мемлекеттік қызмет басқармасының бас мамандары  Р.Х. Бахриразиев пен Г.М. Ыбыраеваның баяндамалары тыңдалды.

Мәселен, мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін бағалау, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға алғаш қабылданған, тұлғаларға тәлімгерлерді бекіту ережелері және «Е - қызмет» біріктірілген ақпараттық жүйесін пайдаланудың өзекті мәселелері талқыланды.

Екі күнге созылған семинарды қорытындылаған Департамент басшысының орынбасары С.Н. Зайцева, кездесулер барысында әзірленген ұсыныстардың мемлекеттік органдарға міндетті түрде жолдануын тапсырды.

Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты.

 
0
0
1131

Осы тақырып бойынша

Мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі - Yvision.kz