Мемлекеттік қызметтегі жемқорлықтың алдын алу – басты мақсат

Ағымдағы жылғы 24 қарашада СҚО Аймақтық оқыту орталығы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті демеуімен, «Мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлықты алдын алудың әлеуметтік-өнегелік қырлары» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Шара жұмысына АОО жетекшісі Т.В. Лебедева, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бөлімінің басшысы Н.С. Жахин, СҚО прокуратурасы аппаратының басшысы А.А. Құсанов, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ заңгері А.Қ. Қуандықова, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі судьясы А.В. Зеньковский, аймақтық оқыту орталығының оқытушылары, сонымен қатар мемлекеттік қызметке және басшылық лауазымына алғаш қабылданған мамандар қатысты.
Аталмыш кездесудің негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлық сипаттарына мүлдем төзбеушілікті құру және осы індетке қарсы мәдениетті қалыптастыру, құқық негіздері бойынша түсіндірме жұмыстарының деңгейі мен сапасын арттыру болып табылады.
Конференция барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қолданылуына прокурорлық қадағалау тәжірибесі, жемқорлыққа қарсы тәртіп стандартын қалыптастырудағы қоғамның алатын рөлі туралы, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-этикасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру кезіндегі жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуы, жемқорлықты алдын алудың этикалық қырлары мәселелері талқыланды.
Департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бөлімінің басшысы Нұрлан Жахин, қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жаңа әдіс-тәсілдерге тоқталды. Бұған қоса ол, халықтың барлық топтарымен байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Ал қоғамдағы сыбайлас жемқорлық сипаттарына мүлдем төзбеушілік деңгейін арттыру және осы індетке қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша Ынтымақтастық туралы ашық келісімнің әзірленуі – сөзден іске көшудің айқын дәлелі.
Кездесудің қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта оқыту бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленді.



