«Мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол жоқ!» атты дөңгелек үстел
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің (әрі қарай - Департамент) ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 5 маусымында Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің конференц-залында «Мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол жоқ!» атты дөңгелек үстел болып өтті. Аталған іс-шараға ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп Комитетінің Маңғыстау облысы бойынша басқармасы, Маңғыстау облысының ішкі істер департаменті және «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бөлімінің басшысы Ербол Жұмабай Қазақстан Республикасының 2015-2025 ж.ж. арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы мен оның орындалу барысы, «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты ҚР Президентінің Халыққа Жолдауы және «100 нақты қадам» жоспарының Агенттік құзыретіне жататын талаптары бойынша түсіндіріп өтті.
Сонымен бірге Департаменттің жаңа жұмыс бағыттары – талдау және сыбайлас жемқорлық қатерлерін анықтау, жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бойынша сөз қозғалды.
Сөз соңында дөңгелек үстел қатысушыларына Агенттіктің ресми www.anticorruption.gov.kz сайтының, өтініштерді қабылдауға арналған www.1494.kz порталының, 1494 Call-центрінің жұмысы бойынша және республикалық «Сыбайлас жемқорлықпен күрес саясаты» журналы туралы ақпарат беріліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы жадынамалар таратылып, тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.

