Мемлекеттік қызметшілер қатары толықты

Ағымдағы жылғы 2 наурызда Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев Департаменттің бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға өткізілген конкурстық іріктеуден сүрінбей өткен жаңа қызметкерлерімен танысты.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңының талаптарына, Мемлекеттік қызмет істері Министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 12 бұйрығымен бекітілген «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған конкурстарды өткізу Ережесіне сәйкес, Департамент алғашқылардың бірі болып бос орындарға конкурс жариялаған болатын.
Осыған дейін, үстіміздегі жылдың 22 ақпанында бас маманның 15 бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына үміткерлерді іріктеу өткізілді. Нақтырақ айтқанда, 56 өтініш білдірген 23 кандидаттың барлығы да конкурстық комиссияның шешімімен әңгімелесу кезеңіне дейін өткізілді.

Болашақ мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін тексеру кезінде облыстық кәсіподақ кеңесінің заң мәселелері жөніндегі бас маманы Л.П. Голенкова, облыстық ардагерлер кеңесінің орынбасары А.А. Карабельников, сонымен қатар БАҚ өкілдері байқаушылар, ал СҚО АОО сараптамалық бөлімінің меңгерушісі Д.В. Лазаренко сарапшы ретінде арнайы шақыртылды.
Конкурстық комиссия шешімінің қорытындысы бойынша 12 кандидат сыннан сүрінбей өтті. Олар: А.С. Әбілова, А.А. Дүйсенбинова, Н.С. Жүкенова, Ғ.А. Жусалина, Б.Қ. Еңсегенов, А.М. Кахабаев, Р.Б. Қожахметов, Е.Е. Қоспанов, С.С. Магомедов, Ә.Д. Мұхамеджанова, Ғ.Қ. Садырова, Е.С. Сапаров.
Кездесу барысында Департамент басшысы конкурстың барлық кезеңдерін сәтті бағындырған жаңа қызметкерлерге құттықтауын білдіріп, олардың мемлекеттік қызмет саласының дамуына сүбелі үлес қосуларына ақ жол тіледі.
Танысу рәсімі аяқталған соң мемлекеттік қызметке алғаш тағайындалған мамандарға еңбек жолының басында тәжірибелік көмек көрсету үшін тәлімгерлер бекітілді.

