Мемлекеттік тіл-мерейім
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Өзге өркениетті елдерде мемлекеттік тілдің мәртебесі қандай болса, бізде де солай болады» деген болатын». Демек, әрбір азамат өз ана тілінде еркін сөйлеуі тиіс.
Қазақ тілі-халқымыздың рухани байлығы, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан баға жетпес асыл мұрасы. Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір азамат мемлекеттік тілді құрметтеу керек. Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдерінің өзі қазақ тілінде еркін сөйлей бастады. Мұның өзі ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктің бір көрінісі іспетті.
Қазіргі таңда Жамбыл облыстық «Халыққа қызмет көрсету орталығы » департаментінде де мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Орталық мамандары жыл сайынғы үрдіс бойынша Қазтест жүйесіндегі тест сынақтарын тапсыруда. Нәтижесі де көңіл көншітерлік. Жоғары ұпай жинап, сертификатқа ие болып жатқан мамандар да баршылық . «Ана тіліне немқұрайлы қарамайтын әрбір азамат үшін бұл сынақты тапсырудың еш қиындығы жоқ»,-дейді тестке қатысқандар.
Қоғам арасында туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіріп жатамыз. Басқа ұлт өкілдерін айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтардың өзі таза қазақ болудан қалған заманда тіліміздің мәртебесін көтеру керек. Бірлігі жарасқан елдің алмайтын асуы жоқ. Сондықтан әрбір Қазақстан азаматы ана тілінің мәртебесін көтеруге өз үлесін қосса ғана бұл мәселенің шешіміне түбегейлі нүкте қойылары анық. Арамызда туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндер де жетерлік.
Жамбыл облыстық «Халыққа қызмет
көрсету орталығы» департаментінің
мемлекеттік қызметтерді көрсету
сапасын бақылау бөлімінің маманы
Ақнұр Сұлтанбекова
