Мемлекеттік тіл – ұлт мәртебесі
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі Елбасымыз атап айтқандай, «барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы» екендігін әрқашан есте сақтауымыз керек.
Ұлт болған жерде тіл, тіл болған жерде оның мәселесі де болады. Қазақ тілінің мәселесі өткен ғасырдың басынан бері қозғалып келеді. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған тіл мәселесін жаңа ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында түбегейлі шешуге мемлекет те мүдделі.
2020 жылға дейінгі мерзімге арналған мемлекеттік бағдарлама жасау – Елбасымыздың Үкіметке берген тікелей тапсырмасы. Бұл тапсырманы орындау әрбір мемлекеттік қызметшінің ғана емес, барша қазақстандықтардың да парызы. Мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты- Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында да батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру.
Елбасымыз: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» - деп атап көрсеткен.
Бағдарламаны іске асырудың он жылдық кезеңі алдымызға жаңа міндеттер жүктейді. Олардың бәрін рет-ретімен жүзеге асыруға қазіргі кезеңде толық мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді дамыту бойынша біршама жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр.
Мысалы, прокуратура саласындағы қызметкерлерге мемлекеттік тілді үйрету сабақтары тұрақты түрде ұйымдастырылып жүргізілуде. Осы сабақтардың нәтижесінде қазақ тілін үйренген басқа ұлт өкілдері де бар. Қазіргі уақытта барлық құжаттар, іс-қағаздар мемлекеттік тілде орындалады.
Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшіріле бастады. Қазақ тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдардың саны арта түсті.
Мемлекеттік тілге деген талап күшейтілді.
Кез келген тілдің болашағы - балалардың, жастардың қолында екені рас. Балалардың тілді білмеуі, ұмытуы - ұлтқа төнген қауіп. Сондықтан ең әуелі әрбір отбасы өз шаңырағындағы тіл саясатын түзеуі шарт. Әр отбасында отбасылық тілді дамыту бағдарламасы жасалмаса, мемлекет тарапынан жасалатын барлық іс-шара өзін-өзі ақтамайды.
Сондықтан, қазақ тілінің тағдыры қазақтың өзінің қолында.
"ХҚКО" РМК-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының Тараз қалалық №1 бөлімінің жетекші инспекторы Б.Ж. Ниязкулова
