Мемлекеттік органдардың айқындылығы мен есеп беруге міндеттілігі Қоғамдық кеңестің бақылауында
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңеске департаментпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жасасу туралы өзара келісімге қол қойған үкіметтік емес ұйым басшылары, жергілікті және аумақтық мемлекеттік атқарушы орган басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Алматы қаласы әкімі аппаратының ақпараттық технологияларды дамыту және мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау бөлімінің басшысы Сүйіндіков Мейрам 2015 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызмет арқылы көрсетілген ішкі бақылау қызметінің нәтижесінен хабардар етті.
Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының басшысы Құрмашев Ержан заңдылықты күшейту мақсатында жер қатынастары және «Жер қатынастары, геодезия және картография саласындағы мемлекеттік стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 16 сәуірдегі қабылданған №358 қаулысына сәйкес, «Алматы қаласында жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің регламенттерін бекіту туралы» Алматы қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 22 мамырдағы №2/385 қаулысы әзірленіп, қабылданғанын атап өтті.
Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Садырбаев Ғабит 8 айда сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан 55 572 мемлекеттік қызмет көрсетілгенін және ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы 18 сәуірдегі «Алматы қаласының дамуы мәселелері туралы» № 01-7.3 хаттамалық тапсырмасына сәйкес, Алматы қаласы әкімдігіне аумақтың дамуына инвестиция тарту мүмкіндіктері көрсетілген интерактивтік даму картасын (жобалар, аулалар, инфрақұрылым, ресурстар) дайындау қажеттігі тапсырылғанын айтып өтті.
«Генералдар кеңесі» ҚҰ төрағасы Қайдаров Рүстем, Халықаралық ақпараттандыру Академиясының басшысы Цеховой Алексей, «Алматы қалалық ардагерлер Кеңесі» ҚҰ басшысы Шайхутдинов Еренғайып, Кәсіпкерлер форумының Алматылық өкілеттілігінің басшысы Палташева Мунавара және басқа да отырыс қатысушылары тәуелсіз мекемелер тарапынан мемлекеттік қызмет көрсетулерге мониторинг жүргізу қажеттігі, ХҚКО аумағында қызмет көрсететін мемлекеттік органдардың өзара қызмет алмасу бойынша жұмысын реттеу, уәкілетті мемлекеттік органдарға, мегаполис тұрғындарына ыңғайлылығына, орта және шағын бизнес өкілдеріне арналған Алматы қаласындағы жер телімдері бойынша бірыңғай электронды база құру және мемлекеттік органдардың сайттарына Алматы қаласының бас жоспарын орналастыруды ұсынды. Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан мемлекеттік қызмет көрсетулердің айқын, тиімді және қол жетімді болуына бағытталған басқа да ұсыныстар айтылды.
Қоғамдық кеңес отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің жұмысын күшейтуге және жүйелі түрде қызметкерлер арасында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру барысындағы 2015-2017 жылдарға арналған Алматы қалалық іс-шаралар Жоспарына сәйкес жемқорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған ұсынымдар жіберілді.

