Мемлекеттік органдар халық сенімін ақтауы тиіс

Ағымдағы жылғы 27 тамызда өткен семинарда Қазынашылық департаментінің ұжымы мен облысымыздың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мемлекеттік қызметтің жаңа моделін талқылады. Ведомство өкілдері «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірінші институционалды реформасын және 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асырудың басым бағыттарын түсіндірді.
Мемлекеттік қызметшілер жаңа жұмыс жағдайларына тас-түйін әзір болу үшін, ұйымдастырушылар мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі мен еңбек төлемінің факторлық-балдық шәкілінің ерекшеліктерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекет саясаты туралы барынша мағлұмат беруге тырысты.
Еңбек төлемінің қоры, бағалау критерийлері, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары сынды сұрақтарға, тексерістерді реттейтін және бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау туралы заңнамаларға түсіндірмелер берілді.
Көкейкесті мәселелер талқыланып болған соң, жиынға қатысушыларға жемқорлыққа қарсы тақырыптағы бейне роликтер көрсетіліп, ұжымдағы жемқорлыққа «нөлдік төзімділікті» бағалау бойынша сауалнама жүргізілді.
Кездесуді түйіндеген, СҚО қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Б.А. Төлегенова, халықтың мемлекеттік органдарға сенімінің артуы мемлекеттік қызметшілерге байланысты екендігін атап өтті.
