Мемлекеттік бажды төлеу бойынша өзгерістер енгізілді

2014 жылдың 29 қарашасында жекелеген нормаларды қоспағанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік рәсімдерді азайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілді. Бұл Заңмен АІЖК, ҚІЖК, ӘҚбтК және өзге де бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
АІЖК-де көзделген негізгі енгізілген жаңалықтарға:
- қадағалау тәртібінде сот актілерін қайта қарау туралы апелляциялық, кассациялық шағымдар мен өтініштерді беру кезінде мемлекеттік баж төлеу жатады.
Сөйтіп, осы Заң қолданысқа енгізілген сәттен бастап, мемлекеттік баждың төленгендігін растайтын құжат болмаған жағдайда, апелляциялық, кассациялық шағымдар мен қадағалау тәртібінде сот актілерін даулау туралы өтініштер қараусыз қайтарылады.
Осыған орай, 2008 жылғы 10 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер енгізілді (Салық кодексі):
1) 535-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 14) тармақшамен толықтырылсын:
«14) мүліктік және мүліктік емес сипаттағы даулар үшін соттардың шешімдеріне және қаулыларына сот актілерін қадағалау тәртібімен қайта қарау туралы апелляциялық, кассациялық шағымдардан және өтінішхаттардан – мүліктік емес сипаттағы талап арызды беру кезінде алынатын мемлекеттік баж мөлшерінің, ал мүліктік сипаттағы даулар бойынша – арыз иесі дауласатын сома негізге алына отырып есептелетін мемлекет баж мөлшерінің елу пайызы».
