Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ел үмітін ақтады

Елімізде әлеуметтік саланы дамытуға айрықша назар аударылуда. Осы мақсатта жүзеге асып жатқан мемлекеттік «Балапан» және «Саламатты Қазақстан» бағдарламалары өз жемісін беріп үлгерді.

«Балапан» балғындарды қуантты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық дағдарысқа қарамастан «Балапан» бағдарламасын одан әрі жаңғырта беруді тасырған болатын. Осыдан бес жыл бұрын қанат қаққан аталмыш бағдарлама бүгінде сәтті жүзеге асуда. Бағдарлама аясында елімізде сандаған балабақша мен шағын орталықтардың тұсауы кесіліп, мыңдаған балғын мектепалды тәлім-тәрбиемен қамтылды. Тек Павлодар облысында «Балапан» бағдарламасы басталғаннан бергі бес жылдың ішінде 200-ге тарта мектепке дейінгі мекеме ашылды.

Мемлекет басшысы 2015 жылға дейін 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепалды тәрбиемен қамту көрсеткішін 74%-ға жеткізуді қадап айтқан болатын. Бүгінде осы көрсеткішке қол жетті. Алысқа бармай-ақ, өз өңірімізді мысалға алатын болсақ, қазіргі таңда Павлодар облысында 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 100% балабақшамен қамтылған. Ендігі кезекте 1-3 жас аралығындағы бөбектерді мектепке дейінгі мекемелерге орналастыру мәселесіне баса назар аударылуда. Осыған орай, биыл жыл соңына дейін бірнеше мектепке дейінгі мекеме ашылып, бірқатар балабақшаның алаңы кеңейтіледі деп жоспарлануда. Келесі жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ақсу қаласында жаңа балабақша ашылмақ. Ал 2020 жылға дейін, яғни, «Балапан» бағдарламасы аяқталға дейін аймағымызда 100-ге жуық балабақша мен шағын орталық балғындар игілігіне беріледі деп күтілуде. Соның нәтижесінде 20 мыңдай бала мектепалды тәрбиемен қамтылатын болады.

Айта кетерлігі, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мектепке дейінгі мекемелердің санын арттыруға да басымдық берілуде. Бұл ретте, облысымыздағы бірқатар ірі кәсіпорындардың қолдау көрсетуімен жаңа балабақшалардың ашылып жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, биыл Павлодар қаласында «ҚазТрансОйл» АҚ-ның қолдауымен 320 орындық жаңа балабақшаның құрылысы салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Мұның бәрі – мемлекеттік саясаттың жүйелі жүзеге асып жатқанының нәтижесі.

 

«Саламатты Қазақстан» жемісін берді

ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы да өз деңгейінде жүзеге асуда. Халық игілігі үшін жасалған жасампаз бағдарлама аясында медициналық қызметтің сапасы артып, әлеуметтік маңызы бар аурулардың көрсеткіштері едәуір төмендеді. Мәселен, ана мен бала өлімі 2 есеге дейін азайды. Бұл қуантарлық жағдай, әрине.

Аталмыш бағдарлама аясында миллиондаған қазақстандық тұрғын скринингтік тексерілуден өтті. Соның арқасында денсаулығында ақауы бар адамдар анықталып, тиісті медициналық көмек алды. Әсіресе, кардиологиялық аурулармен ауыратын тұрғындарды ерте сатысында анықтауға мол мүміндік туды. Нәтижесінде, Павлодар қаласында ашылған облыстық кардиологиялық орталықта бір жылдың ішінде 3 мыңға жуық науқастың жүрегіне ота жасалды.

Бағдарлама аясында қалалар мен ауылдарда жаңа емдеу мекемелері ашылды. Осы мақсатта «350 дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пунктілер және емханалар құрылысы» атты мемлекеттік бағдарлама табысты жүзеге асып, тұрғындарды қуантты.

Бұл бағдарламаның арқасында пациенттер өзіне қызмет көрсететін дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдау құқығына ие болды. Мәселен, республика бойынша жыл сайын 800 мың адам жоспарлы госпитализация барысында стационарды өз еркімен таңдау мүмкіндігін иеленуде екен. Сондай-ақ, денсаулығына байланысты арнайы кезекте тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту ісіне де айрықша назар аударылып, бұл мақсатқа бөлінетін қаражат көлемі жылдан-жылға артуда. Қазіргі уақытта емханалардағы ұзын-сонар кезекті азайту, аталған мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, қазақстандық дәрігерлердің шетелдерде тәжірибе жинақтауына жағдай жасау сынды маңызды іс-шаралар жүйелі қолға алынуда.

Осылайша, халықтың денсаулығын жақсартып, әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған реформа ел игілігіне қызмет көрсетуде. Бастысы, нәтиже бар.

 

Анара Ислямова

 
0
0
525

Осы тақырып бойынша

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ел үмітін ақтады - Yvision.kz