Мемлекетті жаңғырту және жемқорлық өзара сыйыспайтын ұғымдар

Ағымдағы жылғы 18 тамызда «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында, тұрғындар арасында жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыру бойынша «Мемлекетті жаңғырту және жемқорлық өзара сыйыспайтын ұғымдар. Алдын алу жұмыстарының тиімділігі» тақырыбында қоғамдық тыңдалым өтті.
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі үкіметтік емес сектор өкілдері, «Нұр Отан» партиясы мүшелері, қалалық мәслихат депутаттарын жемқорлықтың алдын алу аясында өткізілетін жұмыстар туралы ақпаратымен құлағдар етті.

Департамент қызметкерлері «жұмыла көтерген, жүк жеңіл» демекші, қоғамда «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру бойынша жұмыстардың тиімді жүзеге асырылуы мақсатында, мемлекеттік органдар үкіметтік емес сектор, сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерімен тығыз қарым-қатынас орнатуы қажеттігін атап өтті.
Бұған қоса, соңғы кездері лауазымды тұлғалардың әшкереленуі туралы жиі шығарылатын материалдардың орнына, БАҚ өкілдеріне оң сипаттағы және жемқорлықтың алдын алуға баулитын мақалаларды жариялауда белсенділік танытулары ұсынылды.
Жиын барысында ҮЕҰ өкілдері алдын алу шараларына белсенді ат салысуға, түрлі қауым алдында дәріс оқуға әзір екендіктерін жеткізді.

Отырыс нәтижесі, сонымен қатар Петропавл қ. және облысымыздың 5 ауданының тұрғындары арасында қоғамдық бірлестіктер жүргізген әлеуметтік жауап алу бойынша, сәйкес мемлекеттік органдарға жолданатын ұсыныстар әзірленді.

