Мемлекет басшысы медициналық тексеруден өтті
Бүгін Мемлекет басшысы жоспарлы медициналық тексеруден өтті. «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ауруханасында» тек орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері ғана емделеді. Медициналық кешен толығымен осы заманғы жабдықтармен қамтылған, дәрігерлердің біліктілік деңгейі жоғары.
Сондықтан, ем-дом жасау халықаралық талаптарға сай жүргізіледі. Медициналық орталық басшысының хабарлауынша, дәрігерлер Президентті мұқият тексеруден өткізген. Елбасының барлық ағзасы қалыпты жұмыс жасап тұр.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
Бүгін мен Президент Іс басқармасының орталық емханасында денсаулығымды бақылайтын жыл сайынғы тексеруден өттім. Біздің барлық мемлекеттік қызметшілерге, әсіресе, басшыларға осында қаралуға кеңес беремін. Ел басшылығы, министрлер, әкімдер осындай профилактикалық тексеруден жыл сайын өтуі керек. Бұл денсаулық үшін, ерте диагностика үшін пайдалы. Қаралу үшін әркез шетелге барудың, көп қаржы жұмсаудың қажеті жоқ. Астанада барлық қажетті жабдықтармен қамтылған ірі медициналық орталықтар бар. Мен барлығына осында, Қазақстанда тексеруден өтуді, емделуді ұсынамын.
Валерий Бенберин, «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ауруханасының» бастығы:
Президенттің денсаулық жағдайының негізгі индикаторлары қалыпты мән шегінде – артериялық қан қысымы 120/75 мм.рт.ст., холестерин, қан глюкозасы, креатинин, гормон статусы және өзге де көрсеткіштері өте жақсы. Мамандар жүрек қан тамырлары тәуекелінің төмендігін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығы қалыпты және өте жақсы физикалық формада.
