Мектеп оқушыларының үлгерімін қалай жақсартуға болады: 2015 жылғы TIMSS және PISA зерттеуінің нәтижесі.
Мектеп оқушыларының үлгерімін қалай жақсартуға болады: 2015 жылғы TIMSS және PISA зерттеуінің нәтижесі
2015 жылы Қазақстан TIMSS зерттеулерінің нәтижесі бойынша көшбасшы елдердің қатарына енгені мәлім. Бұл – оқушылардың білім саласындағы жетістігін бағалайтын беделді халықаралық бағдарламалар. TIMSS пен PISA әр елдегі мектептер арасындағы білім сапасын салыстыра алатын көпшілік мойындаған жалғыз құрал десек, артық айтқандық емес.
Былтыр TIMSS пен PISA зерттеулеріне үшінші рет қатысқан Қазақстанның нәтижелері айтарлықтай жақсарғанын атап өткен жөн. Басқаша айтқанда, TIMSS пен PISA-ның арқасында білім беру жүйесіндегі мықты тұстарымызды ғана емес, кем-кетігімізді де бағамдай аламыз. Ақпараттық аналитикалық орталықтың (http://iac.kz/) президенті Серік Азтайұлы Ирсалиев жуырда ғана аяқталған зерттеу нәтижесінің қорытындысы туралы айтып берді:
С: Сіз басқаратын орталық нәтижелерді өңдеу бағытында орасан жұмыс атқарды. TIMSS пен PISA зерттеулерінің нәтижесі бойынша қазақстандық білім беру жүйесінің қандай негізгі проблемалары бар дер едіңіз?
С.И.: Зерттеу кезінде мәлім болған ең жайсыз жағдайды айтар болсақ, білімнің сапасына қатысты аймақаралық дифференциацияның арасы тым алшақ. Унитарлы мемлекет үшін бұл жақсы емес. Мәселен, Қазақстанда ең табысты аймақ пен артта қалған өңірдің арасындағы айырма 90 балға тең. Ал ЭӘДҰ (Экономикалық әріптестік және даму ұйымы) жаңа әдістемесі бойынша, бұл көрсеткіш үш жыл оқу уақытына тең! Яғни, артта қалған өңірде тұратын 15 жастағы жасөспірімнің қиын өмірлік жағдайлар кезінде шешім қабылдай білуі мейлінше табысты аймақта тұратын 12 жастағы жасөспірімнің қабілетімен пара-пар. Басқаша айтсақ, даму жағынан үш жылға артта қалған.
Сонымен қатар, қаланың және ауылдың мектептері мен колледждерінде оқитын балалардың білім деңгейі мен негізгі құзыреттері арасында, түрлі әлеуметтік топқа жататын балалардың арасында, сондай-ақ, қазақ тілінде және орыс тілінде білім алатын балалардың арасында айтарлықтай айырма бар. Бұл аталған топтар арасындағы білім деңгейінің айырмасы 1,5-2 жылға тең. Зерттеу нәтижелері бұл алшақтықтың себебін де көрсетіп отыр: мұғалімдердің біліктілігінің төмен болуы, педагогтардың жетіспеуі (5-11 сынып), кабинеттерді заманауи талаппен жабдықтау қажеттігі. Қаржыландыру көлемінің жеткіліксіз екенін де естен шығаруға болмайды. Егер ЭӘДҰ әдістемесін негізге алар болсақ, әлемде 6-15 жас аралығындағы бір балаға орта есеппен алғанда біздің еліміздегіден 4 есе артық қаражат жұмсалады.
Өкініштісі, сауатсыз оқушылардың үлесі де (PISA стандарттары бойынша екінші және одан төмен деңгейдің тапсырмасын орындай алмайтындар) жоғары болып қалып отыр: 40%-ға дейін. «Жоғары» және «ілгері» деңгейдің тапсырмаларын орындай алатын оқушылардың пайыздық үлесі де аса қуантарлық емес, TIMSS шкаласы бойынша 50%-дан төмен.
Бұдан шығатын қорытынды: бүгінгі Қазақстандағы білім беру жүйесі «әлеуметтік лифт» рөлін атқара алып отырған жоқ, керісінше, ол қоғамдағы жіктелуді күшейтіп, «сепаратор» сынды жұмыс істеуде. Өкініштісі, екі зерттеу де (TIMSS және PISA) қазақстандық балалардың даму деңгейі олардың әлеуметтік жағдайы мен ата-анасының мүмкіндігіне тәуелді екенін көрсетіп отыр. Олардың арасындағы айырма да айтарлықтай: бар қажеттілігі қанағаттандырылып отырған отбасының балалары (үйде компьютер, интернетке қосылатын мүмкіндік, баланың жеке бөлмесі және 100 кітап бар) мұның бірі де жоқ отбасының балаларымен салыстырғанда бір-бір жарым жылға алда.
С: Дегенмен, кеудені мақтаныш кернейтін көрсеткіштер де бар шығар?
С.И.: Әлбетте! Әңгімені мектепке дейінгі даярлықтан бастасақ. Мұндай даярлықтан өтпеген баланың мектептегі табысы да төмен болады. Егер бүлдіршін кемінде 3 жыл балабақшаға барған болса, оның мектептегі нәтижесі балабақшаға мүлдем бармаған балаға қарағанда әлдеқайда жоғары. Қазақстанда бұл айырма орта есеппен ЭӘДҰ шеңберіндегі көрсеткішпен шамалас. Сондықтан, мектепке дейінгі білім берудің сапасы жоғары деп айтуымызға болады. Оның үстіне, «Балапан» бағдарламасы бойынша, 2019 жылға қарай 3 жастан 6 жасқа дейінгі барлық балалар мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етіледі
(еліміздегі мектепке дейінгі мекемелермен қамтылу көрсеткіші туралы келесі сілтеме бойынша оқи аласыздар:
https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1802141709998521)
Біздің еліміз үшін тағы бір жағымды жайт, екі тілді меңгерген балалар бір ғана тілді білетін балалармен салыстырғанда жоғары нәтиже көрсеткен. Яғни, мектепте бір тілде, ал үйінде басқа тілде сөйлейтін балалардың даму деңгейі біршама жоғары. Ал Қазақстан халқының көп бөлігі туғаннан билингвист екені анық.
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, балалардың мектептегі үлгерімінің жақсы болуына ықпал ететін басқа да бірқатар қызықты факторлар бар, солардың ішінде, мәселен, ата-анасының білім деңгейі де бар. Басқаша айтсақ, жоғары білімді ата-аналар көп болған сайын TIMSS пен PISA зерттеулерінің нәтижесі де жоғары болмақ. Дегенмен, бір анығы – бала міндетті түрде ізденіп, оқуы керек, білім өздігінен келмейді. Зерттеу нәтижелері үй тапсырмасын орындауға күніне 45 минуттан 3 сағатқа дейінгі уақытты арнау қажеттілін көрсетті. 3 сағаттан артық дайындалудың керегі жоқ, статистика бойынша одан нәтиже жақсарып кетпейді. Ал егер бала үй жұмысына 45 минуттан кем уақытын арнаса, оның үлгерімі айтарлықтай төмендейді.
Сондай-ақ, біздің педагогтарымыз бұрыннан айтып жүрген нәрсені халықаралық зерттеу де нақтылай түсті: мұғалімдердің жалақысы мен білім беруге бөлінетін мемлекеттік шығынды арттыру білімнің сапасын да әлдеқайда жаңа деңгейге көтереді.
С: Зерттеу нәтижелері бойынша БҒДМБ-ға (Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы) қандай өзгертулер енгізуге болады?
С.И.: Біріншіден, қатардан қалып бара жатқан мектептер мен оқушылар тобына назар аудару керек. Директорлардың «мыққты» мектептен «әлсіз» мектепке ауысуы үшін ынталандырудың тетіктерін ойластырған жөн. Мықты мұғалімдердің әлсіз мектептерде қалуы үшін оларды тарту, дамыту, қолдау білдіру және ұстап қалу үшін белгілі бір тетіктерді енгізу керек. «Teach for Kazakhstan» бағдарламасының іске қосылуы оң нәтиже беруі ықтимал. Үлгерімі нашар балаларды ерте бастан анықтап, оларға қолдау білдірудің ұлттық жүйесін енгізу маңызды, сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс есебінен әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларын мектепке дейінгі біліммен қамту көлемін арттыру керек.
Сонымен қатар, білім беруге жұмсалатын мемлекеттің шығындарын қайта қарастырған жөн. Мұғалімдердің жалақысын көтеру керек. Мұғалімнің орташа айлық жалақысы Қазақстандағы орташа жалақыға теңестірілуі тиіс. ЭӘДҰ әдістемесін негізге алар болсақ, мұғалімнің жалақысы елдегі орташа айлық жалақының 85%-ынан кем болмауы керек. Білім беруге жұмсалатын шығынды арттыруға келсек, оны ЖІӨ-нің 4-6%-ы деңгейіне дейін көтеру керек және/немесе жалпы мемлекеттік шығындардың 15-20%-ынан кем жұмсамау керек. Қазақстан үшін жоғары білім алу мүмкіндігін арттыру өзекті міндеттердің қатарында. Сонымен қатар, білім сапасының айырмасы алшақ болуының себептерін анықтайтын жүйелі зерттеулер жүргізіп, тиісті шешім қабылдау керек.

