Медиктер сыбайлас жемқорлықсыз қоғам үшін!

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінде «Құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің қатысуымен «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев ұсынған бес институционалдық реформа «100 нақты қадам» Ұлттық жоспары мен Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына жолдауы мен 2015-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыруды талқылау» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.
Департаменттің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Сайлау Оразов 2015-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы, 2015 жылғы 30 қарашадағы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына жолдауы және бірінші институционалдық реформа аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары кәсіби мемлекеттік аппарат құру тетіктерін жүзеге асыру мәселелерін жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қоғамдағы негізгі мақсаттары мен міндеттерінің тетіктерін қалыптастыру мен мемлекеттік қызмет институттардың маңызы мен олардың қоғамдағы рөлін көтеру мәселесіне тоқталды.
Департаменттің Мемлекеттік қызметті өткеру басқармасының бас маманы Айдар Байғалиев «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдық орындарға конкурс өткізудің тәртібі туралы, мемлекеттік қызметке орналасуда меритократия қағидаттарына сай Қазақстан Республикасы азаматтарының тең конституциялық құқығы мен мүмкіндіктері бірдей қамтамасыз етілетіндігі жөнінде өз пікірін білдірді.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы М. Үкібай Елбасының реформасында көрсетілген халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілік деңгейін көтеру мен кәсіби мамандарды даярлау мемлекеттік қызметте ғана емес мемлекеттің барлық салаларында оның ішінде медицина, фармацевтика салаларына қатысты мәселелерді жан-жақты жеткізді.
«Құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Әлия Заманбекова азаматтардың өтініштері мен қоғамдық пікірлер және тұрғындармен жұмыс жүргізу бойынша ұсыныстарға мониторинг жүргізудің нәтижелері туралы атап өтті. Сыбайлас жемқорлықтың деңгейі туралы түрлі қызмет салалары бойынша тұрғындардың сауалнамаларының нәтижелері мен жемқорлық деңгейінің төмендегені туралы мәлімдеді.
