Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Әмбебап полицейлер әлеуеті

 

Әмбебап полицейлер әлеуеті. «Егемен Қазақстан», 19.11.2013ж.
Жазаны қатаңдату қадамдары оң нәтижесін береді деп күтілуде Әмбебап полицейлер патрульдік және жол полициясы бөліністерінің бірігуі нәтижесінде құрылды. Бұдан бұрын хабарланғанындай, Үкімет қаулысына сәйкес Әкімшілік полиция комитеті Жол полициясы комитетін қосу арқылы қайта құрылды. Аумақтық ішкі істер органдарында осыған ұқсас Әкімшілік полиция басқармалары, аудандық буында тиісті бөлімдер (бөлімшелер), сондай-ақ жол-патрульдік полициясының саптық бөліністері жасақталды. Еліміздің ішкі істер органдарының жол-патрульдік полициясы саптық бөліністерінің үлгі құрылымдары мен штаттары бекітілді.  

Әмбебап полицейлерді басқалар­дан айыру мақсатында біз жаңа кеуде жетондарын, сондай-ақ нысандық киімге тігілетін шеврондар әзірледік. Келесі жылдан бастап нысандық киім-кешекті де өзгертуді, яғни бүгінгі күні барлық жерде пайдаланылатын китель мен жазғы бас киімді пайдаланбай, ыңғайлы жеңіл киім киюді жоспарлап отырмыз.
Мемлекеттік стандартқа сәйкес арнайы автомашиналарға қолданыстағы «Жол полициясы» және «Патрульдік полиция» сөздері «Жол-патрульдік полициясы» сөздеріне ауыстырылып, түстiк-графикалық схемалар, айыру жазулары жазылды, сондай-ақ олар арнайы жарық және дыбыстық белгілермен жабдықталды.
Сонымен қатар, ІІМ Қазақ­стан­ның теңге сарайымен бірлесіп, жол-патрульдік полициясының әрбір қызметкеріне берілетін және өңірдің реттік нөмірінен және үш цифрдан тұратын жеке кодты қамтитын жаңа кеуде белгісінің дизайнын дайындады.
Мұндай реформа жол қауіпсіздігі жағдайы мен қоғамдық тәртіпті қорғауда оң нәтижесін беруі тиіс деп үміттенеміз. Өйткені, елімізде апаттылық жағдайы күрделі күйінде қалып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ЖКО-лар салдарынан қаза тапқан адамдардың саны өсуіне байланысты алаңдаушылығын білдіргені мәлім.
Жолдардағы ахуалды жақсарту мақсатында қазіргі уақытта бірқатар ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралар қабылдануда. Мәселен, жолдардағы бақылау күшейтілді. 21-27 қазан аралығында «Қауіпсіз жол» ауқымды профилактикалық іс-шарасы өткізілді, оған әкімшілік полиция бөліністерінің ең көп күші мен құралдары тартылды.
Профилактикалық іс-шара өткізу кезеңінде 54 378 ереже бұзушылық анықталып, бірқатарының жолы кесілді. Оның ішінде көлік құралын алкогольді ішім­дік ішіп алып басқарудың – 1 307, жүргізуші куәлігінсіз басқарудың – 563, басқару құқы­ғы­нан айырылған адамдардың көлік құралын басқарудың –214, жыл­дамдықты асырудың – 10 705, жолақтың қарсы бетіне шығып кетудің – 1 488, қауіпсіздік белбеу­лерін тақпаудың – 7 869, көлік құралдарының терезелерін қараңғылаудың – 625, көлік құралын басқару кезінде телефон пайда­ланудың – 3 768, міндетті техникалық тексерусіз жүрудің – 2 071 фактісі тіркелді. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жіберген 4 055 ереже бұзушылық анықталды.
Жол жүрісін техникалық бақылау құралдары енгізілуде. Бүгінгі күні стационарлық автоматты тіркеу жүйелері әрбір ірі қалада (16 қала): жолдың жылдам жүру учаскелерінде, жолдың көрініс шектелген бөліктерінде және ірі жол қиылыстарында орнатылған. Үстіміздегі жылы олардың көмегімен 715 000 жол жүру ережелерін бұзу анықталса, 5 млрд. теңгенің айыппұлы салынды (2,2 млрд. теңге өндірілді).
Автомобиль жолдарының жағ­дайына бақылау күшейтілді. Осы мақсатта автожолдарды тексеру үнемі жүргізілетін болды. Тек үстіміздегі жылы ғана жолдарды қанағаттанғысыз ұстағандық үшін шамамен 9 мың ұйғарым беріліп, 1,5 мың лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Жағдайды дұрыстау үшін «Жол жүрісі туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп, оған ілеспе заң жобасының шеңберінде Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату шаралары көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта айыппұл көздел­ген құқық бұзушылықтардың бар­лық құрамдары бойынша үшінші құқық бұзушылық жасағаны үшін (әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде) көлікті басқару құқығынан 6 ай мерзімге айыру санкциясы енгізіледі. Мысалы, автокөлікті басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлесіп үш рет ұсталған жүргізушілер жарты жылға көлікті басқару құқығынан айырылатын болады.
Қылмыс кодексінің жобасында көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін жүргізушіге бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл, не осы мөлшердегі түзету жұмыстары, не үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жыл мерзімге белгілі лауазымдарды атқару немесе белгілі қызметпен айналысу құқығынан айыру не алты айға дейінгі мерзімге қамау түріндегі жаза қарастырылған.

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, Ішкі істер министрінің орынбасары.

0
0
383

Осы тақырып бойынша

Әмбебап полицейлер әлеуеті - Yvision.kz