Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Мастер мен Маргарита» романы туралы жеке пікір

«Мастер және Маргарита» романын оқып болып, дәл осы туынды желісімен түсірілген сериалды тамашалап отырған едім. Картинаға беріліп кеткенім соншалық, қасыма жақындаған әріптес апайды байқамай қалыппын.

-       Нендей қызық болып жатыр?

-       А, «Мастер мен Маргарита» ғой.

-       Кітабын оқысаң, пайдасы көбірек.

-       Жаңа қазірде бітіріп, енді сериалын да қарамақшы едім.

-       Жаңа қазірде? Неге тым кеш оқып жатырсың? Ол романның танымал болған кезі сол 84-85-шы жылдар еді ғой. Бәріміз жабыла оқыған едік. «Модно» болатын.

-       Мен 84-те тіпті жоспарда жоқ едім, ал 85 –тің аяқ жағы болса, өмірде бар болғаныммен жоқ сияқты бір қызық дәурен кешкен едім.

-       Ә, иә, сен 86-сың ғой? Мектепте оқытпады ма?

-       Орыс әдебиетінде айтса, айтқан шығар. Қайбір жөнді есте қалыпты дейсіз. Оның үстіне мен қазақ сыныбын тәмәмдадым. Романды толық оқып шығу керек деген шарт жоқ еді.

-       Е, бәрібір тым кеш оқып жатсың.

-       ...

Ішімнен апайға өкпелеп қалдым. Бірақ үндемедім. Құлаққабымды киіп, сериалды әрі жалғастырдым.

Білімнің ерте–кеші бар ма? Кітаптың, романның жарамдылық мерзімі деген түсінік болған ба? Елдер де... сөйлей береді екен.

Булгаковтың бұл туындысы қалған шығармалардан ерекше. Мүмкіндік болса, оқыған жөн. Болмаса, әр адамның таңдауы – өз еркі.

Қазақ тілінде білім алғандықтан маған роман тілі сәл ауыр көрінді. Кейде ойым бөлініп кетіп, бір абзацты 3-4 мәрте қайта  оқыған кез болды. Басында «дым қызық емес» деп, жауып тастап, итере салғым да келді. Бірақ «Классиканы білмегенің ұят!» деп өзімді өзім нұқып тұрып, «оқыттым».

Кейін Булгаковтың кейіпкерлері сияқты мен де екі бүліндім. Алғашында намысқа салып, мәжбүрлегеніммен, соңына жете бергенімде, оқиға қызығына кіріп кетіп, тауысылып бара жатқанына налыдым.

Сонымен роман жайында.

Біріншіден, бұл туынды Воланд есімді пері туралы. Қаладағы барлық оқиға Воландтың пайда болуымен басталады.  Нәтижесінде роман сол «дұшпанның» кетуімен аяқталады.

«Мастер және Маргаританың» шамамен 65 пайызын оқығанға дейін, атауға негіз болған Мастер мен Маргаритадан мүлдем хабар болмайды. Менің ойымша, Булгаков мырза кешірсін, туындыны «Шайтанның азаптары» деп пе, басқаша атаса да болар еді. Себебі Мастер де, Маргарита да бірін бірі ес-түссіз сүйген, басқа кейіпкерлер іспеттес, перінің арбауына түскен қарапайым кейіпкерлер. Олардан бұрын маған Бездомныйдың, тіпті Лиходеевтің тағдыры қызығырақ болатын. Бірақ «қазаншының өз еркі».

Роман мистика негізінде жазылған. Фантастика жанрын жақсы көретіндер бір демде оқып шығатынына сенімдімін. Әсіресе бүгінгі күні көптеген туындылар фантастика негізінде жазылып жатқаны белгілі. Ал олардың оқырмандары күн өткен сайын көбейіп жатпаса, кеміген емес.

Біз мына заманда махаббаттан қадір кетті деп жиі налимыз. Бірақ Мастер мен Маргарита арасындағы сезім жаңа заман адамының сол бір махаббатқа деген сенімін қайта тірілтуге қауқары жетеді. Ештенеге мұқтаж болмайтын тоқ өмір мен бай күйеуінің орнына Маргарита тақыр кедей жазушы Мастерді таңдайды. Себеп біреу – шынайы махаббат, ессіз ғашықтық, шексіз құмарлық.

Оқырманға ерекше көңіл-күй сыйлайтын басқа да екі кейіпкер бар. Олар – Понтий пилат пен Га-Ноцри. Рим билігінің өкілі, прокуратор Понтий Пилаттың алдында күрделі таңдау тұрады. Бірі – оған сеніп тапсырылған қызмет болса, екінішісі – өзінің ниеті, рухани қажеттілігі, ар-ожданы.  Иешуаны өлімге қиған кезде ол өмірінде үлкен қателік жасағанын анық түсінеді, тіпті сол ағаттығын түзетуге ұмтылады, бірақ «айтылған сөз – атылған оқ». Жігіттің шолақ өмірі шорт үзіледі.

Романда адамның кемшіліктері дөп басылады. Сараңдық, қызғаншақтық, өтірік сөйлеу, парақорлық. Оның арты күнәға апаратынын, ал олардың орны тозақ екендігін автор Коровьевтің тілімен суреттейді.

Айта берсе, романда назар аударатын, мән беріп, ойланатын моменттер жетіп артылады. Ең қызығы бұл кітап одан әрмен білім қууға итермелейді. Және ең бастысы, ешқандай кітаптың ерте-кеші немесе жарамдылық мерзімі жоқ. Оқыңыз, тоқыңыз. Бай-қуатты болыңыз!

 

3
4
5854

Осы тақырып бойынша