Махаббаттың символы – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу
Барлығымызға белгілі, бүкіләлемдік махаббат күні 14-сәуір, «Әулие Валентин» күнімен байланыстыратын. Кейінірек, Қазақстанда Ғашықтар күні сәуірдің 15-ші жұлдызында тойлана бастады.
Не себепті 15-сәуір? Махаббат пен көктемді егіз ұғым десек, 15-сәуір – дәл көктемнің қақ ортасы. 2011 жылы Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты. Жалпы бұл күнді атап өту идеясы сонау 1999 жылдан бастау алады екен.
Қазақтың лиро-эпостық әлеміне көз жүгіртсек, махаббат пен сүйіспеншілікке толы қос ғашық сезіміне күә боламыз. Мысалы, Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебек, Қозы мен Баян, Абай мен Тоғжан, тағысын тағылар, айта берсек махаббат жайлы жыр көп. Аталған қос ғашықтардың барлығы да махаббат күнінің символына айналуға әбден лайық. Алайда, неліктен ғашықтар күнінің символына Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббаты себепші болды?
Қозы мен Баян эпосы Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже ақындар арқылы ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жетті. Бұл жыр XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып келе жатыр. Бүгінде 20-ға жуық нұсқасы бар. Халыққа көп тараған, белгілісі – Жанақтың нұсқасы.
Қос ғашықтың жыры Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп, бел құда болуынан басталады. Екі жолдас уәделесіп, әлі дүниеге келмеген балаларын атастырып қояды. Бірақ, аң аулап жүріп, Сарыбай баласын көрмей қаза болады. Уақыт өте, дүниеқоңыз Қарабай "қызымды жетім ұлға бермеймін" деп, бір кездері отарын жұттан құтқарған Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың қосылуын қаламаған Қодар айласын асырып, Қозыны өлтіреді. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян Сұлу өш алу үшін қулыққа басады. Ол Қодарға құдықтан су алып берсе, оған күйеуге шығатынын айтады. Қыздың сөзіне сенген Қодар оның бұрымынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, Баян бұрымын кесіп тастайды. Осылайша, Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап өледі. Ал Баян өз-өзін қылыштап, бақилыққа аттанады.

Қос ғашықтың күмбезі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы, Таңсық ауылында, Аягөз өзенінің оң жағалауына тұрғызылған. Күмбездің салынған уақыты шамамен V-X ғасырлар арасын құрайды. Күмбездің биіктігі 11,65 метрді құрайды. 1856 жылы Шоқан Уалиханұлы күмбезге келіп, оның биіктігіне таңданып: 9 адам бір-бірінің үстіне міңгескен кезде ғана күмбездің төбесіне қол жеткізе алады деп саралаған.
Күмбездің тастары ерекше, және 15 ғасыр өтсе де, бүтін сақталуы керемет жағдай. Салынуы жайлы бірнеше деректер бар. Күмбез тастары жергілікті емес, ол тастарды тасу үшін 50 мың адам тізбектеле тұрып, қолдан қолға тастарды беріп қалаған деседі.

Сонымен неліктен, Қозы мен Баян Ғашықтар күнінің символына айналды?
Жоғарыда айтылған жырларды алсақ, ең көне махаббат жыры Қозы мен Баянның жыры болып табылады. Көненің көзі болған бұл жыр қазіргі кезде ғашықтардың символына айналуда. Сонша ғасыр өтсе де, өз құнын жоғалтпай біздің ғасырымзға да жетіп отырған жырдың бірі. Қанша ғасыр өтсе де, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу есімдері әлі күнге дейін танымал. Махаббатарын қасірет шалса да, пәк сезімнің шырағы көптеген ақындар, драматургтер, этнографтар мен тарихшыларды шабыттандырды.
Данат Жанатаев, Аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандиданты
Ақерке Ақылжан, Аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты
