Маңғыстау облыстық телекоммуникация дирекциясында ағымдағы жылдың 15 қыркүйегі мен 26 қыркүйегі аралығында «Туған тіл – мәңгі өнеге айдыны» атты мерекелік шара өткізілді. Аталған шара «Қазақтелеком» АҚ мемлекеттік тілді енгізу және дамыту бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері мерекесіне арналған шара барысында филиал қызметкерлері арасында «Жүйрік болсаң, озып көр», «Білемін, жауап беремін», «1001 мақал» сияқты зияткерлік сайыстары өткізілді. Сайыстардың қорытындысы бойынша сервис-менеджмент бөлімінің маманы Зейнегүл Қосымбай, мемлекеттік құпияларды қорғау және арнайы жұмыстар бөлімінің жетекші маманы Борис Пантелеймон, сервис-менеджмент бөлімінің жетекші маманы Гүлмира Дәнебай және Жаңаөзен БӨТТ жетекші инженері Гүлмира Оңайбаева жеңімпаз деп танылды.
Облыстық дирекцияның бөлімшелері арасында «Мемлекеттік тілді меңгерген үздің басшы» атағы үшін болған сайыста құрылымдық бөлімшелердің басшылары өздерінің телекоммуникация саласында мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендіктерін көрсете білді. Бірнеше бөлімнен тұратын сайыс нәтижесінде қазылар алқасы жүлделі орындарды анықтады. Мемлекеттік тілді меңгерген үздік басшы атағына дебиторлық берешекпен жұмыс бөлімінің бастығы Көптілеуова Мадина ие болды.
Сонымен бірге, мерекелік шаралардың аясында заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсету орталықтарының мамандары арасында «Мемлекеттік тілді меңгерген үздік сатушы» байқауы өткізіліп, компания қызметтері бойынша қойылған барлық сұрақтарға сауатты және тиісті деңгейде жауаптарын ұсына білген қызметкерлер – заңды тұлғаларға қызмет көрсету орталығының маманы Айнұр Таубаева мен жеке тұлғаларға қызмет көрсету орталығының технигі Феруза Әбдірайымова жеңіске жетті.
Барлық байқаулардың жеңімпаздары дипломдар және естелік сыйлықтармен марапатталды.