Мақсат — партияның жұмысын жақсарту
«Nur Otan» партиясы Ордабасы аудандық филиалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауын талқылау бойынша жиын өтті. Оған партияның бастауыш партия үйымы төрағалары, ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысып, тақырып төңірігенде ойларын ортаға салды.
— Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет. Дей тұрғанмен, болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады», — деген болатын. Қазақ елі қилы кезеңдерді басынан өткерді. Соған қарамастан бір тудың астына жиналған жұртымыз ынтымақ-бірлігінен ажыраған жоқ. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуда. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшін берік негіз қаланды, әлемдік аренада абырой-беделге ие болдық. Партиямыздың жұмысын одан әрі жақсарту үшін әлі де көп еңбек етуіміз керек. Аға буын өкілдері кейінгі жас буындарға үлгі болғаны абзал, — деді басқосуда «Nur Otan» партиясы Ордабасы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлиасқар Бердімұрат.
«Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз». Президент Қ.Тоқаевтың осы сөзі Қазақстан халқына үлкен леп бергендей болды. Билік пен халықтың арасы жақсарса, мемлекетіміздің тұрақтылығы да баянды бола бермек.
