Маған ғалымның бәрі бірдей
Ғылым адамын мамандығына қарап бөлмеймін. Маған ғалымның бәрі бірдей. Қай-қайсысына да құрметім жоғары. Өзім жаратылыстану бағытында болғаныммен, гуманитарлық бағыттағы ғалымдармен кездесіп, олармен пікір алмасқанды ұнатамын. Филология ғылымдарының докторы, профессор Хасанов Ғабит Қайыржанұлының шаңырағында боп, ғалымның жұмыс кабинетінде өткен кездесуде ғылым саласында болып жатқан жаңалықтар, өзгерістер, талаптар аясында жақсы әңгіме өрбіді. Ғалым өзінің ғылымдағы жолын, еңбектерімен таныстырды. Университетіміздің қаржысымен қазіргі таңда аспирантура мен докторантурада білім алып жатқан жастардың қатарының көбейгеніне риза екендігін жеткізді. Осы жастардың қорғап, оқу орнына еңбек етуге келгеннен кейін оларға әлеуметтік жағынан көмек беру, баспана мәселесінің шешілуіне қолдау көрсету жағы ескерілсе деген ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар жас мамандардың жақсы жұмыс жасауына жағдай жасаумен бірге, белгілі, жетекші ғалымдардың да еңбегі назардан тыс қалмау жағын ескеру қажет екенін айта отырып, бірқатар ұсыныстарын айтты. Ғалымның қай әңгімесі де ғылым адамына тән нақтылықпен, дәйектілікпен өрілгендей. Басшы ретінде емес, отандық ғылымды дамыту, ғалым-ұстаздардың мәртебесін арттыруда өз үлесімізді қосу - біздің басты мақсатымыз.
