Мәуліт мерекесі аталып өтілуде
Осы айда еліміздің әр түкпірінде пайғамбарымыз Мұхамедтің, оған Алланың сәлемі болсын, туған күні, яғни мәуліт мерекесі аталып өтіп жатыр. Бүгін күллі жамағат асыға күтетін шарапаты мол мейрамға орай Алматыда салтанатты шара өтті. Балуан Шолақ сарайына жиналған жұрт Алла елшісінің атына салауат айтты.
Мәуліт араб тілінен аударғанда «туылған, дүниеге келген» деген мағынаны білдіреді. Мәуліт тек Пайғамбарымыз Мұхамедке (с.ғ.с) тән ұғым. Бұл мерекеде күллі жамағат Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмір жолына кеңінен тоқталып, ғибрат істеріне мадақ айтады.
Әбсаттар қажы Дербісәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:
Біздің елімізде 26 ұлттан тұратын мұсылмандар тұрады екен. Бүгін солардың барлығы қатысып отыр, солардың бәрі келіп отыр. Біз өзіміздің бірлігімізді Отан - біреу, дін - біреу, Пайғамбарымыз - біреу, Құранымыз - біреу, сондықтан бірігу, ынтымақ туралы елімізге бірлік туралы айтамыз.
Мәуліт мерекесін ұлықтауға келгендер арасында жастардың қарасы қалың.
Құлмұхамед Махамбет, Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы:
Жастарымызды Алла бірлікке шақыратын, өйткені қарап тұрсаңыз, 80-90 пайыз жастарымыз жиналып отыр. Сондықтан Аллаһ тағала бұл мерекені мүбарак етсін.
Рухани кеште танымал өнер жұлдыздары діни әндерін тарту етсе, белгілі айтыскер ақындар асыл дініміз жайлы айтысты. Арнайы дайындалған сахналық көрініс және адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы жайында түсірілген деректі фильм көрсетілді. Бұл мерекенің берер сауабы мол, сондықтан осындай мейрам күні күллі мұсылман баласы бір-бірін құттықтап, тұрмысы нашар адамдарға қайыр-садақа беріп, Пайғамбарға (с.ғ.с) арнап салауат айтуына болады.
