«Мұнаймаш» АҚ жұмысшылары жемқорлыққа қарсы дәріс алды

Ағымдағы жылғы 3 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру үшін «Мұнаймаш» АҚ әкімшілік-басқару ұжымымен кездесті.
Мұнай өндірісіне арналған құрылғыларды шығарумен айналысатын, қаламыздың белгілі кәсіпорнының инженерлік-техникалық жұмысшылары 10 жылдық мерзімге межеленген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылу барысымен таныса отырып, мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі мен мемлекеттік қызметшілердің факторлық-балдық еңбек төлемі жүйесін енгізуді қарастырған, мемлекеттік қызмет реформасының ерекшеліктері жайында дәріс алды.
Бұған қоса, Департамент қызметкерлері жемқорлыққа жол берген мемлекеттік және өзге ұйымдардың лауазымды тұлғаларына, жұмысшыларына әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары күшейтілгендігі туралы және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі жұмыстар, ХҚКО мен электронды үкіметтің тиімділігі жайында ақпарат таратты.
Жиын барысында жастар мен аға буын арасындағы жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру бойынша үкіметтік емес ұйымдардың да бірлесіп әрекет етуі назардан тыс қалмады.

Кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау және мәселелерді жедел шешу мақсатында құрылған Департаменттің интернет-ресурстары: «СҚО кәсіпкерлігін қорғау» веб-сайты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум-алаңы таныстырылды.
Сондай-ақ, Қазақстан экономикасындағы жемқорлық деңгейін үздіксіз тексеретін Transparency International халықаралық ұйымы жөнінде де түсініктемелер берілді.
