Мұнайлы ауданында алғашқы институционалды реформа қызу талқыланды
Ағымдағы жылдың 5 тамызында Мұнайлы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Агенттіктің арнайы жоспарын орындау мақсатында Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадам» ұлт жоспарының алғашқы «Кәсіби мемлекеттік аппаратты құру» бөлімінің талаптарын түсіндіру бойынша мемлекеттік органдарға арналған жиын өтті.
Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Департаментінің басшысы М. Нәлібаев, департаменттің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Қ. Байгебаев, аудан әкімі Н. Тәжібаев, Қазақстан Республикасы аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округтердің әкімдері, аудандық жергілікті атқарушы, аумақтық және құқық қорғау мемлекеттік органдарының, БАҚ, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.
Іс-шара барысында Департаменттің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Қ. Байгебаев «Еңбек ақысын төлеудің факторлы-баллды көрсеткішін енгізу», «Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру», «Мемлекеттік аппараттың дербестігін қамтамасыз ету», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды күшейту», «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңды қабылдау тақырыптарында баяндама жасады.
Мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары өз пікірлерін ашық білдіріп, «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясындағы алғашқы институционалдық реформасына белсенді түрде қолдау білдіріп, өздерінің ұсыныстарын қызу талқылау барысында айтып жеткізді.
Жалпы бұл іс-шара мақсатына жетіп, қатысушылар өз көкейіндегі сауалдарына тиісті жауаптарын алып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

