«Мәңгілік Ел» пойызы-Жамбыл жерінде
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай осыдан бір ай бұрын ел ордасы-Астана қаласынан жолға шыққан «Мәңгілік Ел» пойызы 30 елдімекенді артқа тастап, облысымыздың Жаңатас және Тараз қалаларына да аялдады.
Делегация мүшелері бірнеше топқа бөлініп, әртүрлі мекеме-кәсіпорындарда кездесулер өткізді. Құрамында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өкілі Әлібек Есенқұлов, облыстық филиалдың директоры Данияр Медетбеков бар топ кәсіпорынның облыстық филиалына қарасты №1 Тараз қалалық бөлімінде азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, тиісті кеңестер берді. Толғандырған мәселелері бойынша нақты жауаптар қайтарды.
Мысалы, жеке кәсіпкер Талғат Сүйіндіковтың тұрғылықты мекенжайы Астана қаласында екен. Еңбек демалысын Тараз қаласында өткізіп жатқан ол шұғыл шетелге шығу қажеттілігіне байланысты «Төлқұжатты Астанаға бармай-ақ, осы жерде рәсімдеуге бола ма?» деген сұрақ қойды. Азаматқа төлқұжатты рәсімдеу үшін Астанаға барудың қажет еместігі, оны кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімдеуге болатындығы түсіндірілді.
Бұл күні ауыл шаруашылығы саласы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы білгісі келгендер де көп болды. Тұтынушылардың барлығына да мәнді мәліметтер берілді.
Жамбыл облысында екі күн аялдаған «Мәңгілік Ел» пойызы келесі кезекте Алматы облысын бетке алды.
«ХҚКО» РМК Жамбыл облсы
бойынша филиалының баспасөз қызметі
