Ұлы Отан соғысының ардагері Рудь Андрей
Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 76-жылдығына орай "Nur Otan" партиясының Шыңғырлау аудандық филиалы "Ардагерлерді ардақтайық" партиялық жобасы аясында аудан ардагерлерінің өмірбаяны мен олардың ерлігі туралы мәліметтерді қамтитын жарияланымдар бойынша "Challenge" ұйымдастырды. Осыған байланысты майдангерлердің бірі Рудь Андрей туралы мәліметті ұсынбақпын.
Рудь Андрей соғыста тұтқындықтың зарын мол тартқан жан. Тағдыр талайы Ресейдің Краснодар өлкесінің Ейск қаласының мектебін 1940 жылы бітірген балғын жасты Самара-Ульяновск дивизиясының 24 атқыштар полкіне әскери қатарына тап қылады. Кейіннен бұл әскери бөлім Беларус ССР-інің Молодечно қаласына ауыстырылады. Тарихтың тажал шындығы болып қалған 1941 жылдың 22 маусымы күні бұл бөлім кескілеген шайқастар жүріп жатқан аймақтар – Лидо қаласы мен Юрайшук елді – мекендеріне қорғаныс қимылдарын жүргізуге аттандырылады. Қорғану ұрыстарын тоқтатпаған бірнеше айқасты күндерден соң қоршауда қалған дивизия қоршауды бұза отырып, шегінеді. Осындай қанды шайқастардың бірінде Андрей Рудь тұтқынға түседі. Қолға түскендерді Дзержинск қаласының маңындағы Негорелое станциясындағы уақытша ұстау лагеріне жіберген неміс әскери командованиесі бірнеше күннен соң бұларды мал таситын вагондарға тиіп, шекара сыртындағы қабылдап-жөнелтуші «Stalag №307» ашық аспан астындағы тұтқындар лагеріне жіберілді. Бір жарым айдан соң Нейегомер қаласы маңындағы «Stalag №308» лагеріне аттандырып, күз айларына дейін ұсталды. Күзде қаншама тұтқыннан тірі қалғандарын арқасына артқан ауыр состав оларды Кюстрин қаласындағы қағаз шығаратын фабрикаға жұмысқа алып келеді. Мұнда баржалардан бөренелер түсіретін жұмысқа салады. Ол жерде 1942 жылдың көктеміне дейін болған кейіпкерімізді 1942 жылдың сәуір айында Зеелово елді-мекенінен қашық емес Карсиг селосына жіберіп, осы жерде 1943 жылдың жазының ортасына дейін болады. Бұл жерде өзін лагерь тәртібіне сай дұрыс ұстамағаны үшін «Stalag №308» лагеріне жіберіліп, күзге дейін осы жерде, сонан соң Фюрстенбергск брикетті торф өндіретін фабрикасына қара жұмысқа жіберіледі. Бұл жерде тәртіпсіздіктері үшін жазаланып, тағы да ауыстырылған ол Одердегі Франкфурт қаласына келіп, ол жерде азапты жауап алулардан өтеді. 1944 жылдың ақпаныңда Захсенгаузен конслагеріне аттандырылады. Тағдырлары таразыға түскен тұтқындық, концлагерьдегі өмір мен өлім айқасы Берлинді қоршауға алар кезде ғана толас тауып, тұтқындарды неміс әскерилері Эльба өзені жаққа алып шығады да, осы жерде 1945 жылдың 2 мамыры күні Кеңес әскері оларды тұтқыннан босатып алады.
Тиісті органдардың қатал тексеруінен өткен соң Андрей Рудь әскери қызметін әрі қарай жалғастыру үшін 76-Чернигов гвардиялық дивизиясына жолданады да, бұл жерде 1946 жылы 15 мамырына дейін қызметте болды. Әскери қызметін тәмамдап, елге оралған ол туған үйіне – Ейск қаласына келеді. Бқл жерде механизация техникоммуна оқуға түсіп, 1948 жылы бітіріп шығады да, Орал облысының трест совхоздарына жіберіледі. Оралдан Шыңғырлау совхозына жолдама алған 27 жасар жігіт осы жерді мәңгі мекендеп қалады. Осы жерде отбасын құрып, осы жерде ғұмыр еткен майдангер 2019 жылы дүниеден озды.
Барша жерлестерімді Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығымен құттықтаймын. Осы шараның жалғасы ретінде бұл "Challenge"-ді "Nur Otan" партиясы Шыңғырлау аудандық филиалының барлық Бастауыш партия ұйымының төрағалары мен мүшелеріне және аудандық маслихаттағы фракция депутаттарына жолдаймын.
#ҰЛЫЖЕҢІСКЕ76ЖЫЛ
#Qaharman
#NurOtan
