Ұлы мақсат жолында...

Кез келген елдің өсіп-өркендеуі, ішкі және сыртқы саясатының тұрақты болуы - сол мемлекеттің тізгінін ұстаған басшының елді басқарудағы тәжірибесі мен өресіне тікелей байланысты екені сөзсіз. Бұл ретте, біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы әлем елдеріне үлгі болып жүргенін атап өткен жөн. Әсіресе, Мемлекет басшысының ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлары мен сан түрлі бағытты қамтыған бағдарламалары егемен елдің дамуына зор ықпал етуде. Соның нәтижесінде, толағай жұмыстар қолға алынып, өз нәтижесін беріп отыр. Мәселен, осыдан бірнеше ай бұрын Елбасы «100 нақты қадам» атты дамыған 30 елдің қатарына кіруге бағытталған Ұлт жоспарын ұсынған болатын. Аталмыш құжатты көпшілік бірауыздан қолдап, оның жүйелі жүзеге асуына үлес қосуда.
Бұл ауқымды жоспарда қоғам өмірінің шешуші салаларын жаңғыртуға бағытталған 100 нақты қадам көрсетілген. Ерекше атап өтерлігі, оның алғашқы 15 қадамы қатарынан кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған. Сол арқылы елдің басқару жүйесін жан-жақты жетілдіре отырып, жарқын болашаққа дамыған елдермен қатар нық қадам жасау көзделді. Қазіргі таңда бұл бағытта көп жұмыстар қолға алынуда. Атап айтар болсақ, бұдан былай елімізде мемлекеттік қызметті дамытуға қатысты жаңа жүйе енгізіледі деп жоспарлануда. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің айтуынша, әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарынан көріну үшін ең алдымен мықты мемлекеттік аппарат қалыптастырудың маңызы зор.
Иә, Ұлт жоспарында мемлекеттік қызметті реформалаудың негізгі элементтерінің бірі – мемлекеттік қызметтің мансаптық үлгісіне көшу екені көрсетілген. Дүниежүзіндегі көптеген дамыған шет елдердің тәжірибесінде осындай озық үлгі бар. Енді бұл жаңашылдық біздің елге де енгізілмек. Құптарлық іс, әрине. Ол үшін мемлекеттік қызметке қабылдау төмен сатыдан бастап, біртіндеп көтерілу арқылы жүзеге асады екен. Осы аралықта қызметшінің еңбек өтілі, тұрақты түрде біліктілікті арттыру тәжірибелері мен жетістіктері есепке алынады. Осылай, мемлекеттік қызметшілер мансаптық сатыдан кезең-кезеңімен өту арқылы кәсіби біліктілігін арттырып, біртіндеп жоғары деңгейге дейін көтеріле береді. Ал осы салаға жаңадан келген жас мамандар іріктеудің меритократиялық қағидаларына сәйкес, үш кезең бойынша сынақтан өтуі тиіс.
Міне, осы талаптардан сүрінбей өткен адам, яғни өз ісінің кәсіби маманы ғана мемлекеттік қызметте жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Айта кетерлігі, олардың жалақысы да қызметтегі жетістігі мен еңбегіне сай төленеді.
Осынау жаңа жүйе арқылы сапалы әрі кәсіби аппаратты қалыптастырып, тамыр-таныстыққа және біліксіз мамандардың мемлекеттік қызметке келуіне тосқауыл қойылады.
Бұл дегеніңіз – елдегі басқару жүйесінің деңгейі жоғары, әлеуеті зор, бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді. Дәл осындай мамандар еңбек еткен елдің болашағы үшін еш қауіп жоқ. Сондықтан да, Елбасының ел ертеңі үшін жасаған әрбір мемлекеттік бағдарламалары мен Ұлт жоспары – ұрпақ үшін жасалған ҰЛЫ МАҚСАТЫ деп білеміз!
Марат Серікбай
