Ұлттық бірыңғай тест қалай өтті?
2015 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) Білім және ғылым министрлігі тарапынан енгізілген бірқатар өзгерістерімен, алды республикалық бұқаралық ақпарат құралдарын, қала берді әлеуметтік желілерді шулатқан «біртүрлі» жаңалықтарымен есте қалды. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Апта.kz» бағдарламасы осы бір үлкен науқанға шолу жасап, арнайы хабар әзірлеген болатын.

Биылғы тестілеуге 120 мыңдай мектеп бітіруші қатысты. Жыл сайын жаздың басында Ұлттық бірыңғай тестілеу деп дауыл сапырған қамыстың басындай шулап қалатынымыз бар. Бас-аяғы 10-15 күнге созылатын бұл емтихан басталды дегенше, қоғамда кезекті бір дүрлігіс басталды дей беріңіз.
Бір күнгі емтиханда жоғары балл жинау үшін мектепаралық, ауданаралық, облысаралық бәсеке басталады. Өз өңірінің өрендерін өрге сүйреп, білім сапасының жоғары екенін «жоғарыға» дәлелдегісі келетіндердің құлшынысы, оқуға түскісі келетін баланың ықыласынан артық болмаса кем емес.
Қызды-қыздымен олардың заңды да белінен басып кететіндері бар. Сондықтан, біздегі ҰБТ-ға Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері да араласуға мәжбүр. Қарап отырсақ, ауызша, жазбаша сынақ алуды тастап, тестілеу деген жаңа жүйеге көшкелі тура 12 жыл болыпты. Сол 12 жылдықта бірде-бір шара тыныш өтпепті.
Үнемі байбалам, ылғи дау-дамай. Кім баласына жамандық тілейді, бәріде ұл-қызының қатар-құрбысының алды болғанын қалайды. Жоғары оқу орнында білім алса деп армандайды.
Ал, мынау ҰБТ дегеніміз - сол арманды жүзеге асыратын, немесе күл-паршасын шығаратын құдіретке ие. Кейбіреудің бағы жанады, енді бірінің жолы кесіледі. Тіпті, ақша үшін арланбай, қыздың киімін киіп, емтиханға кірмек боп ұсталған ессіз жігіттер де бар.
Биылғы тестілеуге 120 мыңдай мектеп бітіруші қатысты. Әнеу жылдардағыдай, өрімдей қыздарды жалаңаш шешіндіріп қойып, тексеру секілді өрескелдіктер болмады. Дегенмен, дайын жауаптарды тарату, рация мен қалта телефондарын алып кіру оқиғалары әлі де бар, дейді ашынғандар.
Биылғы жылдың Ұлттық бірыңғай тестілеуі туралы толық хабарды «Апта.kz» бағдарламасының жеке парақшасынан көріңіздер.
«Апта.kz» жобасын әр жексенбі сайын кешкі сағат 20:00-де «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көре алатындарыңызды еске саламыз. Қазақстан мен әлемде жеті күн ішінде орын алған түрлі саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени оқиғаларға жасалған шолуды бізден қабыл алыңыздар.
