Ұлт тағдыры сенімді қолда ма?!
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа талап:
Ия, Д.Назарбаева саяси қызметтен босатылды. Бұл шара қандай себеппен, кімнің мүддесі үшін жасалғаны белгісіз... Әрине, оны уақыт көрсетеді.
Халық өз мүддесін, өзі қорғап, ертерек қамданбаса, биліктің халық үшін басы ауырмайтынын 30 жылдық тәжірибе көрсетті.
Ал, жақын арада болған өзгерістерге ой жүгіртсек, жоғарыда аталған оқиға бір үлкен дайындықтың бастамасы сияқты... Себебі, жақын арада төтенше жағдайға қарамастан, сайлау туралы заңға өзгеріс кіргізілді. Назарбаеваның кеңесшісі сайлау комиссиясының құрамына кірді. Бұл жақын арада кезектен тыс парламент сайлауының болатынының дәлелі.
Бұл өзгерістердің, ел болашағы үшін қандай пайдасы бар? Ешқандай! Себебі, осы уақытқа дейін билік тарапынан жасалынып келе жатқан іс-әрекеттердің барлығы, билік пен қалталылардың мақсаты үшін жасалынып келді. Ал, халық, Шерхан Мұртаза ағамыздың сөзімен айтқанда, "Алтын сандықтың үстінде, жалаңбұт отыр!" Бұдан әрі биліктің алдауына сеніп, айдағанына көніп, жүре беруге бола ма?!
Не істеу керек?! Халықты қантөгіске айдап салмай, халық пен билік арасындағы шиеленісті бейбіт жолмен қалай шешуге болады?!
Бұл сұрақтардың жауабы мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа тіреліп тұр! Егер Тоқаев, халық қолдауына ие болғысы келсе, сайлау алды бағдарламасындағы уәделерін орындап, демократиялық дамуға жол ашып, халықтың жағдайын іс жүзінде жақсартуы керек.
Ол үшін:
1.Үкіметтің қазынаны ашық талан-таражға салуын тоқтату және қатысы бар саяси басшыларды қатаң жазаға тарту..
2.Экономикалық құлдырауды тоқтату үшін, бірінші кезекте халық мойнындағы несиені толық жою.
3.Демократиялық дамуға (митинг, сайлау, партия құру туралы т.б.) жол ашатын заңдарға халықтың тікелей қатысуымен өзгерістер кіргізу.
4.Жемқорлықпен күресті, Үкіметтің және жергілікті атқарушы биліктің, Ұлттық банктің қаржы қозғалыстарын қоғам қадағалауына қою.
5.Экономиканы дамытуға бағытталған іс-шараларды қоғамның қадағалауымен іске асыру.
6.Отандық ірі кен орындарына салынған инвестиция сапасына қоғамдық қадағалау орнату.
7.Қоғамдық сараптамадан өткенше, шет елге, Үкімет, Ұлттық банк, инвесторлар иелігіндегі кәсіпорындар тарапынан ірі көлемде қаржы шығаруға үзіліс жариялау.
8.Экономиканы жандандыратын іс-шараларды демократиялық ұйымдардың қатысуымен талқылау.
Мемлекет басшысы, еліміздің демократиялық бағытта дамуына жол ашып, халықтың жағдайын жақсартатын бұл талаптарды іске асырудан бас тартса, бұдан әрі халық оған сенім арта алмайды! Сондықтан, ол өз еркімен президенттіктен бас тартуы керек!
"Оян, Ұлы Елдің Ұрпағы" Ұлттық қозғалысы
03.05.2020 ж.
