Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Үлгілі үнем

Елді дүрліктірген теңге бағамы ауытқуларының әсерін алпауыт компаниялардан қарапайым адамға дейін сезінеді. Бірақ, дағдарыс кейде жақсы дағды қалыптастыруға көмектеседі. Шығындар көлемін қысқартамын деушілерге «Әйел бақыты» пайдалы кеңестерін ұсынып отыр.

1. Жоспардан тыс жұмсалған қаржыңызды міндетті түрде жазып алыңыз. Тіпті жолақысын да есептеп жүргеніңіз жөн.

2. Шартты түрде бір айлық түсіміңізді 100.000 теңге делік. Оның 15%-ын сақтап жүруді дағдыға айналдырыңыз! 15.000 теңгені жиғаннан не пайда деуіңіз мүмкін? Дегенмен, бір жылда бұл он бес мың 180.000-ға айналатынын ұмытпағайсыз. Егер бір айдағы табысыңыз 100.000-нан асып, 150.000-ды құрады дедік. Мұндай жағдайда міндетті түрде тек соманың жартысын ғана жұмсаңыз. Қалғаны сіздің қорыңызды толықтыруға жұмсалады. Неге десеңіз, 85.000 теңге де бір айға жетті ғой?

3. Белгілі бір қызмет түрін компания штатының құрамына кірмей, сырттай аутсорсинг түрінде жасағалы жатсаңыз, жеке кәсіпкерліктің патент түрін ашыңыз. Мысалға сіздің гонорарыңыз 50.000 теңге құрды десек, компания тарапынан 10% салық ұсталынып қалады. Қолыңызға 45.000 аласыз. Патент негізіндегі жеке кәсіпкерліктің арқасында таза пайдаңыз 49.000 болады. Себебі салық мөлшері 2%.

4. Экономикалық тұрғыда супермаркеттен, дүкеннен, тіпті базардан да жалғыз адамға азық-түлік сатып алу пайдасыз. Ғылыми түрде дәлелденген. Көпшілік табысты брендтер де пайда көзін отбасылық ұсыныстардан емес, жеке адамға арналған тауарлардан өндіретіні содан. Апталық менюіңізді немесе жуынатын бөлмеңіздің айлық шығынын дұрыс жоспарлаймын десеңіз, бөлмелес көршіңізбен келісіп тон пішіңіз. Я болмаса отбасы құрыңыз =)

5. Жалақыңызды ала салысымен жаратып тастамаңыз. Қосымша қаржы артықтық етпейді. Қалтаңыз қампиып тұрса, өзіңізді жайлы сезінесіз.

6. Саудаласу ұятты нәрсе емес, бұл ұтымды келісу құралы.

7. Үйде әзірлеген асты жұмысқа алып келіп,түскі уақытта сүйсіне жеп алыңыз. Орта есеппен алғанда түскі ас 600 теңге, бір айда 21 жұмыс күні бар. Үнем көлемі: 600 х 21= 12.600 тг.

8. Айтпақшы, дисконт картаңызды өзіңізбен бірге алып жүріңіз.

9. Қарыз алу керек болған жағдайда, бірден банкке жүгіре көрмеңіз. Бәлкім достарыңызда бар шығар... «Жүз теңгеңіз болғанша, жүз досыңыз болсын»!

10. Көлігіңіз бар болса, жақын ара-қашықтыққа темір тұлпармен емес, жаяу жүргенді дағдыға айналдырыңыз. Ақшаға – үнем, денсаулыққа – пайда.

11. Үйіңіздегі ескірген заттардың бәрін лақтыра бермеңіз. Заманауи әдіске келтіріп, өңдеп алуға әбден болады.

12. Дүкеннен оныншы көйлекті алып жатқаныңызда, ой елегінен өткізіңіз. Кейде киілген көйлекке де жаңа рең беруге болады.

13. Бос бөлмелердің жарығын сөндіріп жүріңіз.

Дүкенге барарда:

* Қажет заттарыңыздың тізімін қойын дәптеріңізге түртіп алған соң ғана сатып алуға әрекет жасаңыз.

* Үйден тоқ күйде шығыңыз. Қарныңыз аш кезде апталық, айлық азық-түлікті алмауға тырысыңыз. Ашкөздікпен алып қойған затыңыз екі есе шығынға ұшыратуы мүмкін.

* Айлық алған күні дүкенге барудан барынша сақтаныңыз. Өйткені ол күні өзіңізді бақуатты сезінесіз.

Осы шарттарды жадыңызда сақтап, күнделікті іс-әрекетке айналдырсаңыз, бюджетіңізді үнемдеп үйренесіз! Толығырақ мәліметті мына мекен-жайдан көре аласыздар!

1
0
251

Осы тақырып бойынша

Үлгілі үнем - Yvision.kz