Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Әлемдегі ең қауіпсіз ел

Tengrinews.kz сайтының хабарлауы бойынша, Бүкіләлемдік экономикалық форумның талқылауымен әлемдегі ең қауіпсіз елдердің тізімі жарияланған болатын.Жалпы, бұл тізімді жасау барысында мемлекеттің қылмыстық істері, терроризм, әскери қақтығыстары сынды іс-әрекеттері есепке алынады. Бұл тізімнің көшін Финляндия бастап, 2017 жылдың ең қауіпсіз мемлекеті атанған болатын. Бұдан бөлек,  бұл мемлекет 2016 жылдың қазан айында жасалған тізімде де ең қауіпсіз мемлекеттердің арасында бірінші орынды иеленген болатын. Бұдан кейін кез келген адамда: «Неліктен Финляндия әлемдегі ең қауіпсіз мемлекет?» - деген сұрақ туындауы мүмкін. Олай болса, көкейде жүрген бұл сұраққа жауап іздеп көрелік!

Егер де сіз Финляндияға саяхаттап барып, өз әмияныңызды немесе ұялы телефоныңызды жоғалтып алсаңыз, алаңдамаңыз. Сізге міндетті түрде бұл бағалы заттарыңызды тауып алған адамдар қайтарып береді немесе полиция бөлімшесіндегі қызметкерлер қайтарады. Халықаралық «Ридерз Дайджест» тест қорытындысы бойынша, Хельсинки қаласындағы жоғалған 12 ұялы телефонның 11-і өзінің иелеріне қайтарылған болатын.

Мектеп жасындағы балалар мектепке ата-аналарының бақылауынсыз-ақ өздері бара алады. Тіпті, бірінші сынып оқушыларының қараңғыда мектептен жалғыз қайтып келуі Финляндияда үйреншікті жағдай.

Парламентке еркін кіруге болады. Егер де сіз көшеде келе жатып, парламентке бас сұғамын деп шешіп, алайда өзіңізбен құжаттарыңыз болмаса, алаңдамаңыз. Финляндияда парламентке кіру үшін ешқандай құжаттың керегі жоқ. Тек өзіңіздің заттарыңызды тапсырып, ұялы телефоныңызды өшірсеңіз болғаны, парламентке емін-еркін кіре аласыз.

Халықтың 90%-дан астамы полиция қызметкерлеріне сенім артады. Финляндияда заңды бұзып, полицияға пара беріп, жауапкершіліктен қашамын деп ойласаңыз, қателесесіз. Өйткені, Финляндияда полиция пара алмайды, кез келген құқық бұзған адам заң алдында жауап береді.

Міне, жоғарыда аталған деректердің барлығы Финляндияның әлемдегі ең қауіпсіз ел атануының себептерін айқындап тұрғандай.

 
0
0
573

Осы тақырып бойынша

Әлемдегі ең қауіпсіз ел - Yvision.kz