Әлем чемпионатына ел үміткерлері анықталды
Ұлттық спорттың «Жекпе-жек» түрінен Азия және Әлем чемпионатына аттанатын Қазақстан құрамасының спортшылары іріктелді. Еліміздің әр аймағынан жиналған 100-ден астам жекпе-жек шеберлері, Алатау баурайында 9 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады.
Басты мақсат – Азия және Еуропа кубогі сайыстарында ел намысын қорғайтын спортшыларды іріктеу болғаннан кейін, жігіттер де бар өнерлерін ортаға салды. Әсіресе, жеңіл салмақтағы бәсекелер тартысты болды. 55 кг салмақ дәрежесінде Бақтияр Қуановтың қарқынына ешкім төтеп бере алмаса, 60 келіде Камиль Ишимов мықтылығын мойындатты. 65 пен 75 кг бойынша Бағлан Сәрекенов пен Хункир Османов чемпион атанған. Өскемендік Айбек Саметаевтың да мерейі үстемі болды. Жүлдеге ілінген спортшылар Қазақстан құрама командасының сапына алынды. Білекті де жүректі жігіттер алдағы уақытта арнайы оқу-жаттығудан өтіп, наурызда өтетін чемпионатта бақтарын сынамақ.
