Құлдыққа жегілген қыздың күнәсі.
Ақтолқын мен Мөлдір апалы-сіңлілі. Екеуі Түркістан облысының Түлкібас ауданында өмірге келген. Әпкесі 5 , сіңлісі 3 жасқа толғанда әкесі қайтыс болып, анасы төркініне оралады. Нағашы жұртта анасы күйеуге шығып, өгей әкенің үйін паналайды. Ақтолқынның өмірі 17 жаста күрт өзгереді.
-Менің әпкем 9 сыныпта жүкті болды. Әлгі жігіт көршінің ұлы еді. Шешесі бақырып, ұлы мойындаған жоқ. Ағайын-туыс жиналып, әпкемді ұрып соқты. Күнә жасадың деп , түсік жасатты. Содан кейін Ақтолқын мектепке бармады. " Әулеттің абыройын төккен, қара бет " деп өгей әкем де үйге сыйдырмады. Анам хат танымайды , өте жуас кісі. Өгей әкем әпкемді сол өңірдегі бақуатты малшыға араққа айырбастап жіберді. Содан бері ол тозақта.
Мен тұрмысқа шықтым. 6 жылдан бері әпкемді көрмедім. Оның өлігін де көргіміз келмейді деп, ол жайында нағашыларым жақ ашпайды.
Қаңтарда аяз сақылдап тұрған түні әпкем тереземді қағып тұр. Аяқ киімі, бұтында дымы жоқ. Қалшылдап, жылы үйге кіріп құлап қалды. Үсті-басы түймедей жара басқан. Оны емдетіп, ауылда бір жігітпен отау құрды . 4 айдан кейін қожалықтың қожайыны оның мекен-жәйін анықтап, түнгі төртте күйеуі ,ата-енесінің айқай-шуына қарамай машинаға салып, алып кеткен. Оған мекен-жәйді өгей әкем берген екен.
Әпкем сол мал шаруашылық қожайыны заңсыз ұстап отыр. Мал бағады, сиыр сауады. Жалақы алмайды. Күнде ұрып-соғады екен. Әпкем бірде көрші ауылдың малшыларына қашып, сол жақтан пана табады. Тағы да оны қожайыны іздеп, ұрып -соғып, жайлауға алып кетіпті.
Үш жыл бұрын күйеуім оны құтқарамын деп полициямен барады. Нәтижесіз. Полиция да түк шара қолданбаған.
Өйткені біздің қорғанымыз жоқ. Әпкемнің де бұл азаптан құтыламын деген үміті сөнген. Әпкемді тозақтан, құлдықтан құтқарыңызшы. Ол малшы, сауыншы ғана емес. Малшылар оны жыныстық қатынасқа да мәжбүрлейді екен. Шындықты қалай жасырамын. Ол жылағанда сүйегім сырқырайды , - Мөлдірдің мұңын естігенде құйқамыз шымырлады.
Ақтолқынның қай мал шаруашылығы қожалығында жүргені белгісіз. Түркістан қаласынан Жамбыл облысына аттандық. Жуалы ауданында қар қалың , күн суық. Жамбыл ауданы полиция бөліміне келдік. Ақтолқын осы Асса ауылының маңында қыстақта жүр деген ақпарат расталмады. Түсіру тобы Жуалы ауданына аттандық. Ел-жұрттан сұрастырып, қыстақты таптық. Ақтолқын бірнеше жыл жұмысқа жегілген қожалықты таптық. Малшылар жүр. Қожалыққа участкелік полиция инспекторы келіп, бойжеткенді алып кеттік.
Ақтолқын 27 жаста. Ол 17 жастан тағдырдың ащы дәмін татыпты. Жалтақ . Машинада үндеген жоқ. Өйткені өмірінің өзгеретініне сенбейтін сияқты. Ұзақ үнсіздіктен кейін әңгімелестік.
-Әпке , 17 жасымды мектепке тексеру келді. Менің жүкті екенім анықталғаннан кейін бір күнде білім алу құқығым шектелді. Нағашы әпкелерім Таразға алып барып, жүктілікті үзді. Үйге барсам өгей әкем қуып жібереді. Баратын жерім жоқ, орманда түнедім. Бірде ауылдың үш жігіті үстап алып зорлады, арақ ішкізіп, ұйқымнан оянсам өзімнен 30 жас үлкен малшыға сатып жіберіпті. Содан бері бірнеше малшы жыныстық қатынасқа мәжбүрледі. Менің қарсылығымды ешқайсысы құлағына да ілмейді. Еркек сияқтымын. Мал бағамын, су тасимын, бордақыларға жем-шөп беремін. Қожалыққа келген малшылар жыныстық қатысқа мәжбүрлейді. Ұрып-соғып, қинаса да Зейнеп ажыратпайды. Еңбекақы төлемейді. Үйге талай қаштым. Дүйсен өгей әкем. Мені араққа айырбастап, Зейнепке беріп жібереді. Қиналдым. Ешкімге керек емеспін,-деп Ақтолқын киімін жинастырып, бізбен бірге аттанып кетті.
Айтпақшы ,Ақтолқынның шаруа қожалықтың иесі сатып алған телефоны бар. Алайда жылы киімі жоқ.
Жуалы аудандық полиция бөліміне арыз жазып, осы оқиға бойына ҚР Қылмыстық істің 126 бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақтолқын Рүстемова қазір қауіпсіз жерге жайғасты.
Танымал заңгер Айман Омарова қорғансыз бойжеткеннің құқығын қорғауға бел буды. Әйгілі адвокат Ақтолқынның ісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы, 135- баптары бойынша іс қозғалуы керек деген пікірде.
17 жасында мектеп оқушысы , кәмелеттік жасқа толмаған қызды зорлау фактісі, өгей әке, туған анасы, шаруа қожалығының иелері, малшыларға да және тергеушілерге адвокаттың сұрағы өте көп.
Жазира Бегалы журналист.
