«Laktalis» компаниясы Қазақстанға 9 млрд теңге көлемінде инвестиция салды
Франциялық «Laktalis» компаниясы Қазақстандағы кәсіпорындарға 9 миллиард теңге көлемінде инвестиция салған.
Оның басым бөлігі сүт өндіру саласын дамытуға жұмсалды.
2009 жылдан бастап «Фуд Мастер» компаниясымен бірікті. Қазіргі уақытта сүттен 200-ге тарта дайын өнім шығарады.
Сүт өнімдерін шығарудан әлемге танылған компания келгелі Павлодардағы зауытта кешенді модернизация жүргізілген. Технология жаңартылды. Кәсіпорын қуаттылығы екі есеге артты. Мамандар шетелге барып, тәжірибеден өтті.
Көпке дейін ірімейтіндіктен Қазақстанда жасалған сүт өнімдері Ресей нарығына көптеп шығарыла бастады. Оның үстіне сүт, қаймақ, айран, ірімшіктен басқа 190-нан аса өнім түрлері жасалады.
Бұл бірлескен кәсіпорын үшін ғана емес, барша жұртқа игілігі мол инвестиция болды. Қазір Павлодардағы зауыт күніне 180 тонна сүт өндіреді. Облыстың барлық аудандарында сүт қабылдау пунктері ашылды.
«Laktalis» - әлемнің көптеген елдерінде өз өнімін ұсынатын танымал компания. 1933 жылы Францияда сүт өнімдерін шығарумен айналысатын Андре Беньенің кәсіпорны уақыт өте келе көптеген мемлекетте тауарын ұсынатын ірі ұйымға айналады.
Екі мыңыншы жылдардың ортасынан бастап ТМД елдерінде түрлі компаниялармен келісім-шартқа отырып, өз өнімін ұсына бастады.
2011 жылы сүт өнімдерін шығару саласында әлемдік ең ірі ойыншыға айналды.
