Ләйлә Сеңгірбекова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды

Достар, арнамыздың тамаша жаңалығымен сіздермен бөліссек пе дейміз! «Балапан» телеарнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызы Сеңгірбекова еліміздің мәдениет саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Құттықтаймыз!
Төсбелгіні Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай өткен жиында «Қазақстан» РТРК» АҚ Төрағасы Нұржан Мұхамеджанова табыстады.
Жиын 28 маусым Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің құрметіне орай өткізілді.
Астанада «Қазақстан» РТРК» АҚ Төрағасы Нұржан Мұхамеджанова ақпарат саласының мамандарын Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтай келе, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың корпорация ұжымына жолдаған Алғыс хатын оқып берді.
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының шығармашылық ұжымына мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылу барысын белсенді жариялап көрсеткені және отандық ақпарат кеңістігін дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс жарияланады», - делінген Алғыс хатта.
Нұржан Жалауқызы Алғыс хатта «Қазақстан» телерадио корпорациясы қызметкерлерінің әпқайсысының үлесі бар екенін атап өтті.
«Бұл Алғыс хатта әрқайсыларыңыздың еңбектеріңіз бар. Бүгінде біздің шығармашылық ұжым министрліктерден, мемлекеттік және бизнес құрылымдардан құттықтаулар алып жатыр. Бұл – көрермендеріміз бен радиотыңдармандарымыздың біздің жұмысымызға деген үлкен ықыласы»,-деді құттықтау сөзінде Басқарма төрағасы.
Сондай-ақ, Нұржан Мұхамеджанова корпорация қызметкерлеріне «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілері мен Алғыс хаттар табыстады.
Жыл сайын 28 маусым күні Қазақстанда Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. 1997 жылға дейін аталған сала мамандарының кәсіби мерекесі 10 мамырда тойланып келген болатын. 1997 жылы бұл дата өзгертіліп, журналистердің кәсіби мерекесі БАҚ туралы қазақстандық алғашқы заң шыққан күн 28 маусымға белгіленді.
