Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і студенттерін тәрбиелеудегі куратордың рөлі
Куратордың негізгі міндеті - бұл болашақ маманның жеке және кәсіби дамуына көмек беру, қолдау. Бірінші курсқа келіп түскен студенттің университеттің тыныс-тіршілігімен танысуда, оқу үдерісі мен одан тыс мәдени іс-шараларға қатысты болып жатқан барлық жаңалықтардан хабардар болуда, жан-жақты мағлұмат беруде жол сілтеуші, әрине, куратор-эдвайзер болмақ.
Бастапқы кезеңде бастауыш курс студенттерімен жұмыс жасау тәжірибесінен белгілі болғандай, кітапхананы қолдануды, дәріс жазуды, әдебиеттерді конспектілеуді, семинарға және студенттің өзіндік жұмысына дайындалу, күн тәртібін жоспарлауды үйретуде міндетті түрде көмекші қажет. Біздің көзқарасымыз бойынша, бұл мәселені шешуде студенттермен жеке әңгімелесу тиімді. Әр студентке міндетті сенімділік, субъект – субъектілі қарым-қатынас, яғни жеке амал керек. Осы мақсатта жоғары курстың жан-жақты дамыған, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен ұдайы айналысып жүретін, соның ішінде жақсы үлгерімі бар тұлғаларымен кездесу ұйымдастыру – жоғарыда аталған мәселенің оңтайлы шешімдерінің бірі.
Сондай-ақ, бірінші курс студенттерінің бойынан оқуға деген құлшынысты, жеке пәндер мен болашақ мамандығына деген сүйіспеншілікті, қызығушылықты оята білу керек. Жыл басында студенттермен танысу сәтінен бастап әрбір апта сайынғы болатын кураторлық сағаттарында біздің жылуфизика және техникалық физика кафедрасының білікті оқытушылары, әрі кураторларының еншісіне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жарғысы мен оның студенттерінің ар-намыс кодексі, студенттердің университет пен жатақхана қабырғасында жүріп-тұру ережелерімен таныстыру жүктеледі. Бұл куратордың тобымен аудиториядан тыс жағдайда емін-еркін сөз байласуына, студенттердің күнделікті тұрмыс-тіршілігінде және оқу барысында қалыптасып үлгерген проблемаларын шешуге мүмкіндік береді.
Ресми емес лидерлерді анықтау, топты біріктіру, куратордың тобында игілікті достық қарым-қатынас пен жайлы психологиялық климат құру да маңызды. Куратор сағатын өткізуге дайындықты талқыланатын тақырып бойынша студенттердің сұранысына сай сұрақтардың қойылуынан бастаған жөн. Дискуссия кезінде куратордың міндеті - студенттердің өз көзқарастарынан ашық жеткізуі, басқалардың ойын тыңдау, тиімді, тиімсіз тұстарын талдауға үйрету. Біріктірілген, ынтымақты ұжым - тек студенттердің өздері үшін ғана емес, куратор үшін де үлкен сәттілік, еңбегінің жемісі.
Студенттер мен куратордың біріккен жұмысының нәтижесінде ғана елдің болашағы үшін қам жейтін, жоғары интеллектуалды, еңбек пен оқуға ынтасы зор мамандарды даярлауға болады. Куратор әр студентке біртұтас тұлға болуды, өзгелерді құрметтеуді үйретуі тиіс және аталған қасиеттердің студенттің бойында бүр жарып, өсіп-өнуін қадағалауы тиіс. Бұл тапсырманы шешу үшін осы кезекте өз мамандығында табысқа жеткен, тәжірибесімен өз жеке мысалы арқылы ЖОО сапалы білім алудың қаншалықты маңызды екенін дәлелдейтін түлектермен ұдайы кездесулер ұйымдастыру керек. Бұл түлектерге таңдап алынған мамандық бойынша жұмысқа орналасу, болашағы зор мансапты дамытудың кәсіби құзіреттілігінің жүзеге асуымен қалыптасуына ықпал етеді.
Бойында психо-педагогикалық білімі жок ұстаз заманауи студенттің психологиялық ерекшеліктерінен жеткілікті хабардар бола алмайды, олар жеке студенттер немесе топтағы келіспеушіліктен пайда болған мәселенің тереңдігін әрқашан бағалай білуі тиіс. Ол үшін кураторларға, әсіресе, тәжірибесі аз, университет қабырғасынан енді ғана үлкен өмірге қадам басқан жас мұғалімдер үшін арнайы кафедрамыздың бетке ұстар, жоғары білікті, тәжірибесі тереңінен асып, ұзақ жыл білім саласында жұмыс істеп келе жатқан профессорларымен семинарлар өткізіліп, олардың шеңберінде мазалап жүрген сауалдар шешімдерін тауып жүр, осылайша жас мамандардың күнделікті және кәсіби тәжірибесі өрге қарай домалап келеді. Дегенмен екінші жағынан жас ұстаздар студенттерге бір табан жақын болуының есебінен, заман өресімен ілесіп жүруіне сәйкес студенттермен өмірі мен оқудағы қиындықтарын жеңе білуде орасан зор көмек бере алады, ал тәжірибелі мұғалімдер жас ұрпақтың бойындағы рухани, әрі патриоттық сезімдерін ояту арқылы селбесіп, дами түседі. Осылайша университетімізде кураторлар үшін оперативті кеңес беруде кафедра жетекшілігі, психологтар, деканат қызметкерлері нақты ынтымақтастық құра отырып, біріккен тәрбиелік қызметті ұйымдастырып келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
жылуфизика және техникалық физика
кафедрасының аға оқытушылары Оспанова Ш.С., Асембаева М.К.
