Кіріспе жазба
Блог деген қандай болады екен деген қызығушылық біраз уақыттан бері мені мазалап жүрген. Бұрын-соңды журналистикамен айналысып немесе әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, өз ойларымды дүйім жұртқа жария етіп көрген жоқпын. Желілерде көбінесе тек өзгелердің ойларын, бөліскен жаңалықтарын оқитын, пассивті тамашалаушы болатынмын, бірақ сондай кісілерге қызығып қарайтынмын. Енді, міне, өзім де бірте-бірте мені мазалаған, адамдарға айтып жеткізгім келген ойларымды жазып көрейінші деп шештім. Блогымды қандай тақырыпқа арнарымды әлі білмеймін. Көбінесе күнделікті көрген, мені таң қалдырған оқиғалар туралы сөз қозғайтын болармын деген ойдамын. Бұған дейін ешқашан мектептегі шығармалар, университеттегі эсселерден басқа мақала және соған ұқсас ешнәрсе жазған емеспін, бірақ кітаптарды оқығанда, мен де осылай жаза алушы едім деп ойлап қалатынмын. Енді соны іс жүзінде тексеріп көрейін!
Өзіңді-өзің дамытуға арналған кітаптарда, мақалаларда берілетін кеңестердің ішінде әдетте тізім жасалады: мына-мына нәрселерді күнделікті жасап жүрсең, өзіңді керемет сезінесің деген сияқты. Сол тізімде үнемі КҮНДЕЛІК жазу кездеседі. Мен төртінші сынып оқыған кезімде қала әкімінің Шыршасынан алған бір қоржын сыйлықтардың арасында бәріміз жақсы көрген Снуппи күшіктің суреті бар күнделік те болған. Соны алып, қызықтап қарап, мұнымен не істесем екен деп ойладым да, сосын кинолардағы қыздардың әдемі болып отырып күнделік жазатыны көзіме елестеді. Мен де солай жазайын деп шештім. Өзім өте сезімтал адаммын, тез өкпелеймін, көп жылаймын (айналадағылардың айтуынша, болмашы нәрселерге), бала күнімде де сондай болғанмын ғой. Содан ашуланғанда, жылағанда, біреумен ренжіскенде өз бөлмеме келіп, есікті тарс жауып қойып, күнделік жазуды әдетке айналдырып алдым. Соны жазып алып кәдімгідей жеңілденетінмін. Бірақ күндердің бір күнінде ағамның менің күнделігімді оқып жатқанын көріп қалдым да, сол күні күнделігімді алып жыртып-жыртып, өртеп тастадым. Сол сәттен бастап күнделіктің орнына жай параққа өз ойларымды, өз сезімдерімді жазамын да, өзім оқып-оқып аламын да, жыртып-жыртып тастайтын болдым. Өзім ұяңдау адаммын, сырт көзге ашық жарқын болып көрінемін көбінесе. Құрбыларыммен ренжіскенде де мен хат жазып кешірім сұрайтынмын үнемі. Соооол енді қазір сол күнделігім болғанда, соны оқысам деп армандып отырамын. Өзіңнің кішкентай күніңде қандай болғаныңды білген соншама қызықты болып көрінеді. Қазір де күнделік жазамын, бірақ та ол қағаз дәптер болған соң, күндердің бір күнінде жоғалып қалады деп қорқамын. Сол үшін менің ойларым электронды түрде сақталсын деп шештім. Мейлі, мені өзгелер оқысын-оқымасын, маған ол маңызды емес. Бірақ сол ойларым сақталып тұрғанын қалаймын осында. Көрермін енді бұл ойымнан не шығарын.
