Үкіметтік емес сектордың қоғам дамуындағы үлесі зор

Ағымдағы жылғы 26 тамызда СҚО Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Департаменті Қазақстан халқы Ассамблеясының Солтүстік Қазақстан облыстық хатшылығында «Облыстың үкіметтік емес секторының сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралары» атты тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Кездесуге облысымыздың қоғамдық және жастар бірлестіктерінің төрағалары мен белсенділері қатысты.

«Үкіметтік емес, соның ішінде жастар ұйымдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы орны ерекше. Демократиялық қоғамның дамуы және мемлекеттің алға ілгерілеуі, Қазақстанның болашаққа қадам басуда экономикалық, саяси дамуы үкіметтік емес сектормен тікелей байланысты» - деп, Департамент бөлімінің басшысы Н.С. Жахин жастарды белсенділікке шақырды.
Департамент қызметкерлері дөңгелек үстел барысында, қоғамдық және жастар ұйымдарымен бірлескен жұмысының бірінші жарты жылдығының қорытындысына тоқталды, сонымен қатар қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша ұсыныстар айтылды.

Осылайша, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Д.Т. Теміртас, мектеп оқушыларына арналған жемқорлыққа қарсы тәрбиені қалыптастыру мақсатындағы мультфильм түсіруді ұсынды.
«The Last Hope» үкіметті емес ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Р.Ш. Асаубаев болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қала тұрғындарына түсіндіру үшін кездесулер ұйымдастыру жөніндегі бастамасын алға тартты.

Отырыстың қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығындағы бірлескен жұмыстар жөнінде жоспарлар әзірленді және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен өңіріміздің үкіметтік емес ұйымдары арасындағы өзара әріптестік туралы екі жақты Келесімге қол қойылды.
