Кезекті фракция отырысы өтті
Кезекті фракция отырысы өтті
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы ғимаратында филиал төрағасы, аудан әкімі Азамат Сафималиевтің төрағалығымен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы фракциясының отырысы өтті. Оған аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов және депутат-фракция мүшелері қатысты.
-«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары – Жол картасын әзірлеп, ол ағымдағы жылдың 5 ақпанында «Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында қаралды. Енді ол аудандық филиалдың Саяси кеңес бюросы отырысында бекітіледі. Әр депутат аталған іс-шаралар жоспарының орындалуы және қадағалануы бойынша жұмыстанатын болады. Іс-шаралар жоспарының нақты көрсеткіштерінің орындалу барысы туралы депутат-фракция мүшесі тоқсан сайын фракция отырысында есеп береді. Осы бағыттағы жұмыстарды атқару үшін депутаттар тиісті атқарушы органдармен тығыз байланыста болуы керек, - деді филиал төрағасы, аудан басшысы А.Сафималиұлы.
Әрмен қарай филиал төрағасы фракция отырысының күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды. Бірінші мәселе, яғни аудан бойынша сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша іс-шара жоспары – Жол картасын талқылап, филиалдың Саяси Кеңес бюросына бекітуге жолдау үшін «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев хабарлама жасады. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, яғни 2021 жылға арналған аудандық фракцияның жоспарын бекітуді фракция мүшелері дауысқа салды. Депутаттар жоспарды бір ауыздан бекітті.
