Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Керемет ұста және флорист

Керемет ұста және флорист

Алматы құрылыс-техника колледжінде көптеген қызықты адамдармен танысып, әңгімелесуге мүмкіндігіміз болды. Солардың бірі – Сергей Михайлович. Кейіпкеріміз өндірістік оқыту шебері, темір шеберханасының меңгерушісі ғана емес, өсімдіктерді де күтіп-баптаушы. Шебер бізді шын мәнінде таңғалдырды: оқу процесін ұйымдастыруға деген көзқарасы ерекше, басынан өткен қызықты оқиғалары көп, гүлдерге деген махаббаты таңғажайып. Үлкен қосалқы қоймада оқу процесіне керек ондаған құрал-жабдықтың тап-тұйнақтай болып тұрғаны да осы кейіпкеріміздің еңбегі.

1978 жылы Сергей Михайлович СКТУ (Салауат кәсіптік-техникалық училищесін) бітіріп, мүмкіндік берілген ең жоғарғы 4-разрядты алып, токарь болып шыққан. Көп ұзамай жас шеберді әскер қатарына алады. Борышын өтеп қайтқаннан кейін өзі оқыған училищеге барады. 1980 жылдан бастап күні бүгінге дейін Сергей Михайлович өндірістік оқыту шебері болып қызмет етіп келеді. «1981 жылы үйлендім, Свердлов инженерлік-педагогикалық институтына оқуға түстім. «Металл өңдейтін станоктар мен құралдар» факультетін бітіріп, «инженер-педагог» мамандығын алып шықтым. Әйелім Қазақстаннан болғандықтан, 1983 жылы осында көшіп келдім», – деп еске алады өткен күндерін оқытушы.

«Менің қызметім «Өндірістік оқыту шебері» деп аталады. 2001 жылдан бері оған қоса темір шеберханасының меңгерушісімін. Менің алдымдағы меңгеруші шеберхананы үнемі тап-таза және жинақы ұстайтын. Менің де ұқыптылықты жақсы көретінімді байқап қалыпты. Жұмыстан кетіп бара жатқанында шеберхананы менен басқа ешкімге сеніп тапсыра алмайтынын айтты», – деп жалғастырды әңгімесін Сергей Михайлович.

Колледжде жұмыс істей жүріп, педагог осында оқытылатын мамандықтардың барлығын меңгеріп алған. Мұның барлығы өзінің білуге құмарлығы мен ынта-ықыласында екенін жасырмайды. Міне, осы қасиетінің арқасында ол газ-электр дәнекерлеу жұмыстарын емін-еркін атқарады, ағаш өңдеу ісін біледі, гипсокартонмен жұмыс істейді, сылақ сылай алады, тіпті, кірпіш те қалайды.

«Ұлым үй салмақ болғанда кірпіш қалайтын жұмысшыларды жалдадым. Өзім де істей алар едім, бірақ оған көп уақыт керек. Ал басқа жұмысының барлығын өзім істедім. Бір әріптесім үнемі ақыл-кеңесін айтып отырды, оның көмегімен жиһаз жинауды да үйреніп алдым. Үйдегі бүкіл жиһаз өз қолыммен жасалған: ламинатты сатып аламын да, пішінін келтіріп кесемін және жинаймын. Ал мына шеберханада көріп тұрған дүниелеріңіздің барлығын менің жетекшілігіммен студенттерім жасаған. Тығыннан жасалған мынау еденді студенттерім 9 жыл бұрын жасаған», – дейді ұстаз мақтанышпен.

Тәжірибе сабағы кезінде педагог студенттердің сабақтан кейін үйіне барғанда барлық жұмысты істей алуы үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Электр сымдарын тартуды, шамдар мен резеткілерді ауыстыруды, электр құралдарындағы ұсақ-түйек ақауды жөндеуді үйретеді. Оқудың екінші жылында студенттерді аралас мамандықтарды игерту мақсатымен курсқа жібереді. «Бұл өте маңызды, себебі, көп жағдайда электр монтаждаушылардың алдынан газ-электр дәнекерлеу бойынша жұмыс шығады. Құрал-жабдығы бар, дәнекерлеуші жоқ болуы мүмкін. Ал мен студенттеріме «ер азамат барлығын жасай алуы керек!» деп үйретемін», – дейді Сергей Михайлович.

«Шеберхана темір ұсталарына арналған, мұнда электр монтаждаушылар, сантехниктер, көлік жөндейтіндер ұстаның жұмысын үйренеді.
Санитарлы-техникалық құралдарды монтаждаушылар үшін шеберханада жаттығатын екі жұмыс кабинасы бар. Оқу мақсатындағы микроэлеватор да орнатылған, мұндай элеватор ыстық және суық су тартылатын әрбір үйде болады.
Бізде темір ұсталарын дайындауға қажетті құралдардың барлық түрі бар: бұрғылар, гидравликалық құбыр игіштер және станоктар. Сандық бағдарлама көмегімен басқарылатын жонатын және фрезер станогы бар. Студенттер компьютерге көрсеткіштерді жүктейді, қандай тетік керек екенін сипаттайды, ал станок кез келген бөлшекті кесіп береді. Мұның барлығы балаларға қызық және даму үшін де керек. Өйткені, өнеркәсіп өндірісінде станоктардың жұмыс принципі осындай. Сондай-ақ, мұнда электр монтаждау жұмыстарын да жүргізеді», – дейді педагог.

Өткен жаңа жылда студенттердің бірі Сергей Михайловичке өз қолымен жасаған кеме сыйлапты. «Менің Гайратжан деген шәкіртім. Бірінші курсқа келген кезінде-ақ жауапкершілігі зор бала екені байқалатын. Жақсы оқыды, 4-разряд алып шықты, қазір электр монтаждаушы болып жұмыс істейді және қосымша осы жерде оқиды – екі жылдан кейін техник-электрик болып шығады. Түлектер арасында Черницов Максим деген бар, анау студенттің ағасы. Бір кезде осы жерде білім алған, қазір бас энергетиктің орынбасары болып жұмыс істейді, бәріне өз еңбегімен жетті. Биыл осы колледжге жиенімді қолынан жетектеп әкелдім. Осы уақытқа дейін қаншама шәкіртімнің балаларын оқыттым. «Сергей Михайлович, мені адам қылдыңыз ғой, енді баламды адам қылыңыз» деп әкеледі», – дейді педагог күліп.

Сөз басында айтқанымыздай, Сергей Михайлович гүлдерді қатты жақсы көреді. Өсімдіктер кез келген жерге ерекше күй сыйлайды, ауаны тазартады, жанға жайлылық сезімін сыйлайды деп есептейді. Күн сайын педагог студенттерге гүлдерді суғаруға тапсырма береді. Колледж аумағындағы гүлзарларға күтім жасайды. Ол үшін студенттермен бірге арнайы суғаратын құрылғы да жасаған. «Бітіруші түлектермен бірге екі абрикос ағашын отырғызған едік. Шымкенттен келіп оқыған балалар көшет әкелген, міне, үлкен ағашқа айналды. Оның жанында шие мен алма ағаштары бар. Оларға Маловодное ауылынан келген екі жігіт күтім жасайтын», – дейді ол.
Экскурсия соңында Сергей Михайлович бізге құрал-жабдықтар сақталатын қосалқы қоймасын көрсетті: «Бұл жерде бүкіл құрал-жабдық орналасқан, барлығының өз орны бар. Егер қандай да бір құрал жетпейтін болса, барамын да сатып аламын. Біреуден бірдеңе сұрау әдетімде жоқ. Әрине, студенттерге сабақ кезінде керегін беремін ғой, бірақ оларға да әркімнің өз құралдары болуы керектігін айтамын. Кәсіпорынға немесе құрылысқа жұмыс істеуге барғанда қажетті құралдары қолында болмаса, оны ешкімнен сұрап ала алмайды. Оның үстіне, біреудің затына адам жанашырлықпен қарай бермейді, сындырып, бүлдіріп қоюы мүмкін, тастап кетуі де мүмкін. Ал өзінікін ешкім тастамайды».
Біз Алматы құрылыс-техника колледжінің студенттері мен оқытушыларының табысына тағы да тоқталамыз. Күн сайын бұл оқу орнының қабырғасында көптеген таланттар бас қосып, өлшеусіз білім алады, өз тәжірибесін өзгелерге үйретеді. Оқу орнының ұстаздар қауымына болашағын сеніп тапсырған студенттер дұрыс таңдау жасады деп есептейміз.

 


0
0
1025

Осы тақырып бойынша

Керемет ұста және флорист - Yvision.kz