Әкемді мен әрқашан үлгі тұтамын
(Мұхамедқалым Жаңабаев туралы)
Менің әкем Шарбақты ауданындағы қарағайлы Жаңауылда туып өскен. Әңгімелері бойынша жастайынан еңбексүйгіш бала атанған. Әкеміздің идеалы Аркадий Гайдардың «Тимур және оның командасының» кейіпкерлері болған. Мектепте оқып жүргенде мектепшілік «Тимур командасын» басқарған. Балалар қарт адамдардың үйлеріне барып, үйлерін, қораларын, аулаларын тазартып беретін. Тимуршілер ағаш кесіп, оны жарып, қораларына енгізіп, қысқы отындарын дайындайтын. Әкем жастайынан қариялардың батасын алып, ризашылығына ие болып өскен жан. Оның жазғы каникулдары колхоздағы шөп дайындау науқанымен басталатын. Жеткіншек кезінен бастап далада тамақтанып, сырғауыл мен шөптен құрылған қоста қонып үйренген. Әкеміз жаңа оқу жылына қажетті киімдерін, оқу құралдарын өз еңбегімен табатын. Сол кездерден бастап әкеміздің көзі өзінен екі сынып төмен оқитын Ахметова Бәтимаға түсіп, ұнатады. Осыдан ары қандай жақсы іс істесе де, менің анам, қазіргі жары Бәтимаға көріну үшін атқаратын болыпты. Жоғары сыныптарда оқып жүргенде колхоз басшылығы еңбексүйгіш, іскер бала- жігітті мектеппен келісіп, тағы бір айға пішен дайындау жұмысына алып қалып жүрді. Колхоз басшылығы озат еңбегін бағалап, әкеме премия ретінде костюм, тағы да басқа сый- сияпаттар тартып жүріпті. Мектепті тәмамдағаннан кейін, тракторшының мамандығын игеріп, МТЗ-5 тракторында жұмыс істепті. Әкеміздің алғырлығына көзі жеткен басшылық, оны учетчик қылып тағайындайды, келесі жылы Целиноград қаласына құрылыс шеберлерінің біржылдық мектебіне жібереді. Курсты аяқтағаннан кейін колхозда құрылыс шебері, прораб болып еңбек етеді. Сол жылы атам мен әжем шешеме құда түсіп, әкемді үйлендіреді. Әкеміздің салып шыққан құрылыс нысандары Жаңауылда әлі күнге дейін қалпында тұр. Жас маманның ынтасына көздері жеткен аудан басшылары әрі қарай білімін жетілдіруге Алматы ауылшаруашылық институтына сырттай оқуға жолдама беріп, « Қызылтаң» колхозына алдымен экономист, одан кейін бас экономист қылып тағайындайды. Осы колхозда еңбек етіп жүріп, институтты тәмамдайды. 9 жыл үздіксіз еңбектің арқасында мамандығының қыр-сырын толық меңгеріп, партия қатарына қабылданады, озық маман атанады.
1980 жылы аудандық партия комитеті шақырып, Абай атындағы колхозға партия ұйымының хатшысы етіп тағайындайды. Бұл қызметте жүріп Кеңес үкіметінің идеологиясының шаруашылық жүргізуге теріс әсері бар екенін түсінді. Бұрын сеніп жүрген түпкі мақсат –коммунизмге күмәнмен қарайтын болады. Сондықтан ауданға барып, қызметінен босатуды сұрап, бірнеше дүркін өтініш жазады. Бұл нонсенс болды. Өз мамандығымен қызмет ету үшін басқа ауданға кетуге мәжбүр болды. 1983 жылы Ақтоғай ауданындағы Жданов атындағы кеңшарға бас экономист болып тағайындалады.
Көшіп келген жеріміз қарағайы болмаса да өзінің сұлулығымен бәрімізге жақсы әсер қалдырды. Ертіс– жылдам ағысты жалпақ өзен екен. Ортасында үлкен арал орналасқан. Ауыл жақ тік жар, киіз үйдің керегесіндей, биіктігі 20 метрдей. Ауыл тұрған жер ескіше Жалғызмойыл аталыпты. Ауылдың төменгі жағында, Ертістің жиегінде, Алдаберді деген байдың қоралары жатыр. Жоғары қарай аудандық орталық – Краснокутск орналасқан. Кеңшардың адамдары шаруасы болса, аудандық орталыққа жаяу барып қайтады екен. Әкеміз табиғатынан пысық адам, бірден мал басын көбейтіп, жылқы да, сиыр да, қой да, үй құстарын да ұстады. Бізді де үй шаруашылық еңбегіне баулыды. Көшіп келген ауылымызға тез үйренісіп кеттік. Әсіресе, Ертіске барып шомылуды ұнататынбыз, судан шыққымыз келмейтін. Ауыл халқының көпшілігі тың игерушілер мен олардың ұрпақтары болатын.
Кеңшардың мамандарының көпшілігі қазақтар еді. Ата-анам олармен араласып, туыстай болып кетті. Үйге қонаққа келгендерінен білемін, олар: Жанкарин Тілек, Ташенов Шұғай, Машиков Қаратай, Рахметуллин Бағдат, Мұқанов Төлеутай, Елтін Аманжол, Аралов Олжабай, Қуатов Бәри, Рқашев Мәнап тағы басқалары. Кеңшар директоры Арешин Николай қарапайым адам болатын. Ұлты чуваш болса да, қазақтармен бірге жүретін. Әкеміз ауылда «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып сайланды. Қайта құру заманынан бастап, тәуелсіздікке жеткенге дейін халық арасында қазақтың мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, құндылықтарын насихаттады. Әр отбасына үгіт жүргізіп, облыстық «Қазақ тілі» қоғамы шығаратын «Дауа» газетіне жазылдыртты. Шын мәнінде бұл әрекеттердің, басқа да шаралардың арқасында жергілікті халықтың қазақтың мәдениетіне деген көзқарасы өзгере бастады. Қазаққа «жоғарыдан төмен» қарайтын тың игерушілер қазақтың көне мәдениетімен танысып, құрметпен қарайтын болды. Бұл қоғамдық жұмыс та әкеміздің абыройын асыра түсті. Кезекте тұрып, өз еңбегімен тапқан ақшасына алғашқылардың бірі болып жаңа машина сатып алды. Біз үш қыз әрқашанда әкемізді үлгі тұттық. Үшеуміз де кәсіп таңдау алдында тұрғанда, экономист мамандығын таңдадық. Рас, қазір екінші мамандығым да бар, биология мұғалімімін, мектеп директоры болып еңбек етемін. Алматының ауылшаруашылық институтын бітірдім, Жамбылдың жігітіне тұрмысқа шығып, балалы болдым. Қазір әже атандым. Менің өмірімде талай қиыншылықтар кездесті. Қателескен күндерім де болды. Солардың бәрін еңсеріп шықтым, маған әрқашан да әкем арқау болды.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, 1993 жылы Атығай ауылына көшіп келдік. Әкем Екібастұз құс фабрикасының директоры болып тағайындалды. Халқымыздың бәрі біледі, бұл елімізде болып жатқан дағдарыстың шыңына жеткен кез еді. Мыңдаған кәсіпорындар банкротқа ұшырап, құрдымға кетті. Әкем фабриканы сақтап қалу үшін қанша күш жұмсағанымен құс фабрикасын банкроттықтан сақтап қала алмады. Бір сәтте жұмыссыз, қоғамға керексіз болғаны әкеме ауыр тиді. Бірақ әкем мойымады. Үй шаруашылығын дамытып, бізді басқалардан кемітпеді. Қарттық жасқа жетсе де, қоғамда өз орнын іздеп, «конкурстық меңгерушінің» арнайы курсын аяқтады, «Красиловка» серіктестігінде конкурстық меңгеруші қызметін атқарды. Зейнетке шыққанша, «РГП Еңбек-Павлодар» мекемесінде аға инженер болып істеді. Көріп жүрміз, әкеміздің өмір жолы ізденіске, күреске, шығармашылыққа толы. Ұрпақтарына үлгі бола алатын жол. Қазірдің өзінде, белсенділігі кемімеген әкеміз жүрген ортасында да, дастархан басында да отансүйгіштікті, қазақшылықты, еңбексүйгіштікті, мұсылмандықты насихаттауда.
Алпысбаева Ләйлә
